$505.15 €550.31 ₽5.89
×

Қызылорда тұрғыны 1 жастан асқан сәбиінің өліміне дәрігерлерді кінәлайды

Қызылорда тұрғыны 1 жастан асқан сәбиінің өліміне дәрігерлерді кінәлайды

Ал Қызылордада батарея жұтып қойған 1 жасар сәби көз жұмды. Алғашында қайта-қайта лоқсыған қызын көріп, анасы жедел жәрдем шақырған. Олар облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізіліпті. Дәрігерлер баланы 2 апта бойы тамағы қызарған, соңында бронхит деп емдеген. Мұнда да ата-ана жұтқыншақта тұрған бөгде затты уақытылы анықтай алмаған ақ халаттыларға ашулы.

Бұл -кішкентай Әминаның соңғы видеосы. Баланың суды әрең жұтып отырғанын аңғаруға болады. Анасының айтуынша, осыдан кейін ол нәр татпаған. Тіпті күннен күнге жағдайы нашарлап, қарыс қадам аттауға шамасы келмепті. Дене қызуы да түспеді дейді. Бірақ дәрігерлер тек күшті антибиотиктер егумен шектелді дейді.

ОКСАНА ШИЛЬЕВА, ӘМИНАНЫҢ АНАСЫ:

Қызым қатты қиналып көз жұмды. Дәрігерлер компьютерлік томография , толыққанды ешқандай тексеріс жасаған жоқ. Жедел шара қабылдауын өтіндім. Жансақтау бөлімінің дәрігері мен құтқарушы періште емеспін, қолымнан келгенді жасап жатырмын деп өзіме ұрысты.

Соңында сәби жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Ақ халаттылар арада 2 апта өткеннен кейін ғана екінші рет түсірілген рентген сәулесін көрсетіп, жұтқыншақта домалақ зат тұрғанын айтыпты. Ол облыстық көпбейінді балалар ауруханасына ауыстырылылып, батарея алынған. Бірақ улы зат өңешті тесіп жіберген көрінеді. Күрделі операция жасалғанымен, баланың жағдайы жақсармаған. Дәрігерлер екінші отаны жоспарлап еді. Ішкі ағзалары зақымданған Әмина ол күнге жете алмай үзілді.

ОКСАНА ШИЛЬЕВА, ӘМИНАНЫҢ АНАСЫ:

Соңғы операцияға алып бара жатқанда көріп, шашын сипадым. Ол жып-жылы болып жатты. Қызым бұған дейін ауырып, дәрі ішіп көрмеген. Сондықтан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының жансақтау бөліміндегі және алғаш рентген түсірген дәрігердің қатаң жазалануын талап етемін. Әлі күнге дейін сол бірінші қорытындының қайда кеткені белгісіз, таппай жатырмыз.

Жалғыз қызынан айырылған отбасы құқық қорғау органдарына шағымданған.

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:

Кәмелетке толмағанның өлімі бойынша полиция тергеп-тексеру бастады. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау үшін тергеу іс-шараларының кешені жүргізілуде. Іс бақылауда.

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің айтуынша, осы оқиғадан кейін қызметтік тексеріс жүргізілген. 3 адам жұмыстан шығарылған. Ал 5 дәрігерге қатаң сөгіс жариялап, қызметтерінен төмендетіпті.