$505.15 €550.31 ₽5.89
×

«Ешкімге жалтақтамай, өз саясатымызды жүргіземіз»,- Қ.Тоқаев

11.02.2025ж. 20:00
352
«Ешкімге жалтақтамай, өз саясатымызды жүргіземіз»,- Қ.Тоқаев

Ерлік елеусіз қалмады. Мемлекет басшысы SWAT Challenge сайысында топ жарған күштік құрылымдардың бір топ офицерін марапаттады. Президент көк туымызды желбіреткен сайыпқыран сарбаздарды құттықтап, Отан алдындағы адал қызмет пен қажырлы еңбегі үшін ризашылығын білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ арнаулы қызметтердің атқарған істеріне тоқталып, алдағы мақсат-міндеттерді айқындап берді.

Халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген бүгінгі күннің батырлары бір сәтке қым-қуыт жұмыстан босады. Әдеткі қату қабақтарын күлкі мен мерекелік көңіл-күй алмастырған. Оның маңызды себебі де бар. Шеберліктің үздік үлгісін көрсеткен сардарлар жауынгерлік ерлігі үшін Президенттің қолынан медаль алды.

«Елдің атын ер шығарар». Биыл Дубайда өткен дүбірлі додаға Қазақстан атынан 12 команда қатысты. Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар» және «Томирис» командалары халықаралық жарыстың күміс жүлдегері атанды. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» командасы төртінші орынға ие болды. Мемлекет басшысы бұл табыс тиянақты дайындық пен қажырлы еңбектің нәтижесі екенін атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сайыпқыран сарбаздарымыз көк туымызды асқақ желбіретті. Төрткүл дүние жауынгерлеріміздің мықтылығына куә болды. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Осындай жеңісті сәттер барша халқымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың рухын көтереді. Ел қорғаны мықты болса, Қазақстанның еңсесі әрдайым биік болмақ.

МЕРЛАН ҰЛТАНБАЕВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК КҮЗЕТ ҚЫЗМЕТІНІҢ КАПИТАНЫ, «САРДАР А» КОМАНДАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бүгінгі Президентіміздің жарлығымен сыйлаған сыйлығына, көрсеткен құрметіне көп алғысымызды білдіреміз. Осы жрыс күндері кірпік қақпай, бізге жанкүйер боғлан, үміт артқан барша қазақ халқына шын алғысымызды білдіреміз. Келер жылда «Сардар» командасы бұдан да жоғарғы нәтиже көрсетуге тырысамыз.

Тартысты додада қаракөз қыздар да барын салып, алғы шептен көрінді.

БАЛНҰР ҚИЯЛБЕКОВА, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ЖҚАЖ АҒА ИНСПЕКТОРЫ, «ТОМИРИС» КОМАНДАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жарыс өте үлкен деңгейде өтті. Оны сөзбен жеткізу мүмкін емес, оны сезіну керек. Біз осы «Томирис» командасы осындай үлкен әлем біріншілігіне бірінші рет қатыстық. Бүкіл күш-жігерімізді салдық, себебі, артымызда Қазақстан, қазақ елі тұрды.

Мемлекет басшысы халқымыздың ерлік дәстүрі тереңде жатқанына назар аударды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтеміз. Бұл – бостандық пен әділдік ұғымдарын ту етіп, майданда жанқиярлықпен шайқасқан, тылда еңбек еткен барша қазақстандықтарға көрсетілген құрмет. Батырларымыздың теңдессіз ерлігін ұрпақ жадында сақтау – парызымыз. Бүгінде сіздер жауынгер халықтың ұрпағы ретінде Отан алдындағы қасиетті парызды терең түсініп, адал қызмет етіп жүрсіздер. Бәріңіз де еліміздегі бейбіт өмірді сақтау үшін табанды еңбек етіп келесіздер.

"Біздің мақсатымыз – айқын. Бұл – қуатты және өркендеген Қазақстанды құру",- деді Президент. Мемлекет басшысы Заң мен тәртіп – әділетті әрі қауіпсіз мемлекеттің өзегі екенін еске салды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Заң мен тәртіп үстемдігін орнату маңызды екенін әрдайым айтып жүрміз. Уақыт біздің ұстанымдарымыз бен стратегиялық бағдарымыздың дұрыс екенін көрсетті. Сондықтан біз алдағы уақытта да ұлттық мүддемізді қорғап, елімізге лайықты бірегей жолмен жүреміз. Жалпыұлттық құндылықтарымызды дәріптейміз. Ешкімге жалтақтамай, өз саясатымызды жүргіземіз.

Қазір кейбір мемлекеттер, тіпті алпауыт елдер сыртқы және ішкі саясатындағы ұстанымдарын қайта қарап жатыр. Қазақстан дәстүрлі әрі заманауи құндылықтарды тең ұстайтын прагматизмге әлдеқашан бет бұрған. Салтанатты шараны қорытындылай келе Қасым-Жомарт Тоқаев офицерлердің қалтқысыз қызметі үшін ризашылығын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.