Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 2019 жылғы Н.Ж. есімді науқас 2 ақпанда кешкі сағат 20:05-те аурухананың қабылдау бөліміне жеткізілген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Жедел жәрдем бригадасының көлігімен жеткізілген балада құсу, жүрек айну, тәбеттің төмендеуі және әлсіздік болған. Аурухананың қабылдау бөлімінде кезекші дәрігерлер науқастың жағдайын бағалап, тиісті зертханалық талдаулар жүргізді. Кешенді медициналық көмек көрсету мақсатында педиатор маманы шақырылды. Пациент педиатрия бөлімшесінің қарқынды емдеу палатасына жатқызылып, инфузионды терапия жасалды, – деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Алайда, түнгі мезгілде науқастың жағдайы күрт нашарлаған. Соған байланысты кезекші дәрігерлер жедел реанимациялық шараларды қолға алған.
– Бала бұрыннан созылмалы ауыр дертке шалдыққан. Бұған дейін бірнеше рет республикалық деңгейдегі клиникаларда ем қабылдап, зерттеу қорытындысымен созылмалы ауруы терминальды кезеңге жеткендігі анықталды. Дәрігерлер баланың өмірін сақтау үшін барлық қажетті емдеу шарасын қолданды. Барлық қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілді. Алайда, жүргізілген реанимациялық шараларға қарамастан, 2025 жылғы 3 ақпанда түнгі сағат 00:40-та биологиялық өлім тіркелді, – деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.