$505.15 €550.31 ₽5.89
×

Германияда 300 жолаушысы бар жүрдек пойыз жүк көлігімен соқтығысты

AstanaTV
12.02.2025ж. 11:59
195
Германияда 300 жолаушысы бар жүрдек пойыз жүк көлігімен соқтығысты

Оқиға Гамбург-Харбург-Машен (Төменгі Саксония) теміржол учаскесінде болды, деп хабарлайды BILD-ке сілтеме жасап KAZINFORM.

Deutsche Bahn компаниясының ICE жүрдек пойызы шұғыл тежелгеніне қарамастан жоғары жылдамдықпен жүк көлігіне соғылды.

Өрт сөндіру қызметі өкілінің айтуынша, кем дегенде екі адам зардап шекті. Басқа ақпарат құралдары жарақат алғандардың саны көбірек болғанын, соның ішінде жүк көлігінің жүргізушісі де бар екенін, кем дегенде бір адам ауыр халде жатқанын хабарлады. 

Оқиға орнында құтқару қызметі, оның ішінде жедел жәрдем тікұшағы жұмыс істеп жатыр. 

Жол апаты Гамбургтың Рённенбург ауданында болған. Апат орнында сынықтар көп, жүк көлігі қатты зақымданған.

Hamburger Abendblatt басылымының хабарлауынша, пойыз жақындаған кезде жүк көлігінің артқы жағы рельсте болған деп болжанып отыр. Сондай-ақ жүк көлігінің теміржол бөлшектерін шығаратын компанияға тиесілі екені хабарланды. 

Басылымның ақпаратынша, жүк көлігі тіркемесінде тасымалданған металл бөлшектер темір жол бойына шашылып кеткен. Полиция жолаушыларды эвакуациялауды ұйымдастырып, оларды апат орнынан тасымалдау үшін автобустар шақырды.