$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыда Мұхтар Әбілязов пен оның сыбайластарына қатысты іске нүкте қойылды

AstanaTV
07.06.2017ж. 20:00
3581
Алматыда Мұхтар Әбілязов пен оның сыбайластарына қатысты іске нүкте қойылды

Алматыда екі айдан бері қаралып жатқан Мұхтар Әбілязов пен оның сыбайластарына қатысты іске нүкте қойылды. БТА Банкіне тиесілі миллиардтарды ұрлады деп айыпталған бас фигурант Әбләзов 20 жыл арқалады. Тағы екі айыпталушы шартты жаза алып, түрмеден құтылса, енді бір азамат 15 жылға сотталды. Ришат Асқарбекұлы тарқатады.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Екі мыңнан астам томға арқау болған қылмыстық іс бойынша жүздеген куәгерден жауап алынды. Миллиардтаған ақшаның қайда кеткенін дәлелдеу үшін, сот істі екі ай бойы қарап, бүгін үкім шығарылды. Күдіктілерге өзгенің сеніп тапсырған мүлкін талан-таражға салу, ақша ұрлау, қызметін асыра пайдалану және ұйымдасқан қылмыстық топ құру сияқты айыптар тағылған. Қылмыстық топтың серкесі Мұхтар Әблязовқа сырттай 20 жыл жаза кесілді.

Мәртбек Кәкімжанов, Алматы қаласы ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соттың судьясы:

Одан тыс айыппұл ретінде қазынаға 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаражат құяды. Жеке мүлкі тәркіленсін, банк саласында 3 жылға дейін басшылық қызмет етуге тиым салынсын.

БТА банк ісі бойынша Әблязовтың басты сыбайласы деп танылған Жақсылық Жарымбетов пен  бұрынғы басқарма төрағасы Сәдуақас Мәмешке 5 жылдан шартты жаза кесті. Аталған екеу Әблязовқа қарсы қылмыстық іс қозғалған соң, өз еріктерімен елге оралған. Тергеу барысында қылмысын толық мойындады. Ал тағы бір айыпталушы Қайрат Садықов 15 жылға сотталды. Бірақ ол кінәсін мойындамаған.

Құрышбек Тәңірбергенов, Қ.Садықовтың қорғаушысы:

Шешімдердің бәрі тек қана Жарымбетовтың нұсқауы бойынша берілген. Бұл өз еркісімен Садыков бір де бір шешімге қол қойып, болмаса анау болмаса басқа компанияларға кредитті беру туралы шешім шығарылған емес.

Салтанат Садықова, Қ. Садықовтың туысы:

Менің ағам банкте кредиттік комитеттің мүшесі болмаған. Сондықтан ондай шешімдерді қабылдауға құқылы емес еді. Өзі істемеген жұмыстарға қалай жауап береді. Заңсыз шешім бұл.  

Сот барысында сандарға құрылған ірі көлемдегі сомаларды оқуға айтарлықтай уақыт жұмсалды. Үкімге сай 4 сотталушы бірігіп мемлекет қазынасы мен бұрынғы БТА Банкінің серіктестеріне 21 триллионға жуық теңгені қайтаруы тиіс. 

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Сот үкімінде көрсетілген сомманы күдіктілер алдағы 3 айда өз еріктерімен қайтаруға міндетті. Ал бүгінгі соттың шешімі Мұхтар Әблязовтың тұрып жатқан жеріндегі құқық қорғаушыларға табысталуы керек. Бірақ қазақстандық полициядан бой тасалап жүрген банкирдің нақты қайда мекен етіп жүргені белгісіз.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ