$503.05 €542.99 ₽5.98
×

Тұрғындар жерде жатқан қоқысты көтере ме?

12.02.2025ж. 20:30
236
Тұрғындар жерде жатқан қоқысты көтере ме?

Жерде қоқыс жатса көтересіз бе? Ал көз алдыңызда әдейі тастаса ше? Мұндай әрекетке әркімнің көзқарасы әртүрлі. Біреу бей-жай қарай алмайды, ал біреуге оның маңызы жоқ. Тілшілеріміз эксперимент жасады. Көрейік.

АЙБЕК САЛДАТБЕК, ТІЛШІ:

Әр қаладағы мәдениет пен тазалық деңгейі әртүрлі екені анық. Әсіресе ірі мегаполистерде тазалыққа ерекше мән беру маңызды. Біздің Астана халқы көз алдында жатқан қоқысты көтере ме? Қоршаған ортаға жаны аши ма? Шағын эксперимент жасап көрмекпіз. Тексеріп көрейік.

Қолыма түскен қажетсіз затты ары бір, бері бір лақтырдым. Көріп тұрса да мән бермей кете барғандар көптеп кездесті. Елеген де, еңкейген де жоқ.

Бұл әдетімді көріп бас шайқап, жерде жатқан қоқысты ерінбестен көтеріп, жәшікке апарып тастағандар да бар. Тіпті наразылықтарын да білдірді.

Тұрғындар осындай бейбастақтықты тыйып, тазалыққа мұқият болу керегін айтты.

 БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Балаларыма даже тастатқызбайм. Тастаса, өзіне алғызам да, барып мусорға тастатқызам, олар тастамайды уже.
- Постоянно көрем, осылай постоянно замечание жасайм. Дұрыс сендердің істегендерің.
- Дұрыс емес қой, родной, негізі ондай нәрсе. Мусор тастау негізі дұрыс емес.

Дәл алдында жәшік тұрса да қоқысты далаға тастау кей адамның әдеті дейді тазалыққа жауаптылар. Қазір қыс мезгілі болған соң ондай бейберекетсіздік аз, жазда басталады.

ЕРЖАН АЙТМАХАНҰЛЫ, "АСТАНА ТАЗАЛЫҚ" ЖШС ӨНДІРІСТІК ТЕХНИКАЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

2024 жылы 14 мың тоннадан астам қоқыс шығардық. Биылғы таңда әзірге қоқыспен күрес басталған жоқ, себебі қыс мезгілі болғаннан кейін. Қазіргі таңда, айта кететін болсақ 1 млн 400 текше метр қар шығарылды.

АЙБЕК САЛДАТБЕК, ТІЛШІ:

Жаппай Таза Қазақстанды құру үшін бар өңір мен дүйім халық бірлесе кірісу керек. Ел мен жердің тазалығы адамдардың оған деген қамқорлығына тікелей тәуелді. Осы тұста Алматы жұртшылығының айналаға деген махаббатын Алматылық әріптесім бақылап көрді. Сөз тізгіні өзіңде, Жомарт.

ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:

Айбек, дұрыс айтасың, қала тазалығы баршаға ортақ! Алайда, Алматыда да көшеге қоқыс тастайтындар баршылық. Қазір біз де эксперимент жасап көрейік. Адам көп жүретін жерлерге бос бөтелке, қағаздар мен басқа да қоқыстарды әдейі шашамыз. Жұрттың реакциясы қалай болар екен?

Алматылықтардың дені қоршаған орта тазалығына бей-жай қарамайтыны анықталды. Өтіп бара жатқандардың көпшілігі шашылып жатқан қоқысты көтеріп, жәшікке салды.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Мен даже жевачка тастамайм. Ана құстар битіп қақалып қала ма деп қорқам.
- Жақсы тазалық істеп жатыр. Сүйтіп -сүйтіп тәртіпке келетін шығармыз. Адам баласын шамалы тәрбиелемесе болмайды ғо. Жаңағы қағазыңды қалтаңа салып жүр. Темекіні керек жерде тарт. Специально урна қойып қойған. Сал соған.
- Өзім негізі тастамаймын. Негізі ойым, әр жерлерге жаңағындай қоғамдық жерлерге үлкен үлкен бачоктар орнатса. Соған тастаса деп ойлаймын.

Сарапшылардың айтуынша, тазалық мәселесі бірнеше факторға байланысты. Біріншіден, қоқыс жәшіктерінің жеткіліксіздігі мен тазарту қызметтерінің уақытылы жұмыс істемеуінен болса, екіншіден, кейбір азаматтардың экологиялық мәдениетінің төмендігінен дейді.

НҰРЖАН БӨЛЕКБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ МЕМЛЕКЕТТІК ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Әрбір қоқыс мысалы пластикті алсақ бұл 200 жылда ыдырайтын зат. Бұның өзінің ыдыраған кезде бұдан химиялық заттар шығады. Ол адам денсаулығына және жер асты суларына өтіп кетуі мүмкін. Сол себепті жануарларға жаңағы басқа да тіршіліктерге зиянын келтіреді. Сондықтан да мына Алматы қаласы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды және пластиктерді жинайтын арнайы мекемелер бар. Соларға өткізу керек.

Биыл жыл басынан бері, яғни 2 айдың ғана ішінде 5 мыңға жуық адамға қоғамдық орынды ластағаны үшін айыппұл салынған.

АЙТАН ЕЛЕУСІЗОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПД ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қоғамдық орындарды ластаған жағдайларда құқық бұзушылық әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Егерде бірінші рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатса оған 10 айлық есептік көрсеткіште яғни, 39320 теңге айыппұл көлемі салынады. Егерде осы құқықбұзушылықты бір жылдың ішінде қайталанса оған 20 айлық есептік көрсеткіш ретіндегі айыппұл салынады.

 ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:

Қаладан күн сайын мыңдаған тонна қоқыс шығарылады. Коммуналдық сала қызметкерлері күн-түн демей еңбек етеді. Алайда, тазалықты сақтау тек арнайы қызметтердің міндеті емес, әрбір тұрғынның жауапкершілігі. Егер табиғат ластанса, экологиялық жағдайға ғана емес, тұрғындардың өмір сүру сапасына да әсер ететіні айтпаса да белгілі.