Алматы әуежайында хабар-ошарсыз кеткен әйел табылды. Полицейлер мән-жайды айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
10 ақпанда Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері хабар-ошарсыз кеткен Людмила Рубанды тапты.
"Әуежайды патрульдеу барысында тәртіп сақшылары Түрксіб аудандық полиция басқармасынан келіп түскен бағдарға сәйкес келетін әйелді байқап, оның жеке басын тексерді. Нәтижесінде оның бір күн бұрын үйінен шығып, қайта оралмаған 67 жастағы зейнеткер екені расталды", - деп жазылған хабарламада.
Жеке басын анықтағаннан кейін Людмила Рубан оқиғаның мән-жайын одан әрі тексеру және көмек көрсету үшін іздестіру бастамашысына берілген.
Полиция азаматтарды жақындары жоғалған жағдайда уақытылы хабар беруге шақырады.