Алдағы 5 жылда майлы дақылдарды өндіру мен өңдеу айтарлықтай өседі. Себебі, сұраныс бар. Қазір дақылдардан жылына 3,8 млн тонна май алынады. Бұл көрсеткіш 5 млн тоннаға дейін артады дейді мамандар. Толығырақ тілші материалында.
Соңғы екі жылда бидай егетін алқап айтарлықтай азайды. Себебі, құны диқандардың көңілін көншітпейді. Бейнетті де ақтамады. Сол себепті қазір шаруалардың көбі майлы және бұршақты дақыл егуге бет бұрған. Маржасы көп, сұраныс жоғары.
ФАРИД АБИТАЕВ, ҚАЗАҚСТАН ТҰҚЫМ ӨСІРУШІЛЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Ресейде соңғы 2 жылда соя бұршақтарының алқабы 2 есе артты. Бұл динамика бізге де келеді. Себебі, сұраныс бүкіл әлемде өсіп жатыр. Қазір Қытай ең үлкен тұтынушылар қатарында. Олардың нарығының 5 пайызын қамтамасыз етсек үлкен табысқа кенелеміз. Былтыр Шығыс Қазақстанда "Кең-Дала 2" жобасы аясында шаруа қожалығы 2 млрд теңгені қайтарып берді. Себебі, майлы дақылдар егетін диқандардың табысы жоғары. Ақшаға мұқтаж емес.
Соңғы жылдары күнбағыс құны 50 пайызға, зығыр 15 процентке қымбаттады. Бағаның күрт көтерілуіне көрші елде тұтыну көлемінің артуы себеп. Былтыр аспан асты елі 1 млн тоннадан астам күнбағыс майын шеттен сатып алған. Оның 115 мың тоннасын Қазақстан импорттапты.
ФАНГ ГАНГ, ZHEJIANG GRAIN GROUP КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Былтыр Қытайға 1млн 880 мың тоннадан астам рапс майы импортталды. Басым бөлігі Ресей мен Белорусиядан келді. Қазақстанның да алпауыт экспорттаушы ел болуына әлеуеті жетеді.
Агро кәсіпкерлерді қызықтырып отырған Қытай ғана емес. Иран, Ауғанстанмен де байланыс тығыз. Иран мал шаруашылығына ден қойған. Бірақ саланы жем-шөппен қамтамасыз ету қиынға соғуда. Сол үшін бұршақты және майлы дақылдарды шеттен алдырады.
МАРИНА СИДАК, САРАПШЫ:
Шын мәнісінде Иран мен Ауғанстан -өте үлкен тұтынушы нарық. Қазір Қазақстан осы нарыққа бет бұрды. Соя мен күнбағысты экспорттап жатыр. Сондай-ақ, рапс майын жеткізетін жалғыз ел.
Қазір салаға инвестор тарту мәселесі тұралап тұр. Себебі, агробизнес артта қалған. Майлы дақылдарды өндіруге ден қойып, табыс еселеніп жатса, инвесторлар өздері-ақ ағылып келеді дейді мамандар.