EXPO көрме алаңында «Жұмысшы мамандықтарының қаласы» фестивалі жалғасып жатыр. Алғашқы екі күнде ауқымды шараға 15 мыңнан астам адам келген. Болашақ мамандардың, жұмыс берушілер мен кәсіптік-техникалық ұйымдардың басын қосқан фестивальге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барды.
Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика, тау-кен, металлургия, мұнай-газ, құрылыс, ауыл шаруашылығы және тағы да басқа салаларға маман даярлау үдерісімен танысты. Президентке еңбек нарығындағы сұраныс пен әр өңірдің ерекшелігіне қарай кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарын трансформациялау мысалдары баяндалды. Мемлекет басшысы атом электр стансасы секілді ірі жобаларды жүзеге асыру қарсаңында сапалы білім мен кәсіби дағдыны меңгерген мамандар өте қажет екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтарының қаласын» аралап көрген соң өңірлерден келген жастармен жүздесті. Президент кез келген еңбек қадірлі, құрметке лайық екеніне назар аударып, жастарды аянбай еңбек етуге шақырды. Еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығы ең басты құндылық екенін айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз «Бірлігіміз – әралуандықта» идеологиясын темірқазық етіп ұстанып отырмыз. Ұлтымыз бен наным-сеніміміз әртүрлі екеніне қарамастан, бір қоғамда тұтас халық болып өмір сүреміз. Мен баршаңызды осынау терең үдерісті толық түсінуге шақырамын. Сонда ғана табысқа жете аламыз.
Бексұлтан Тұрғанқұл Алматы құрылыс-техникалық колледжінде дәнекерлеу ісі мамандығы бойынша білім алып жатыр. Түрлі республикалық, халықаралық жарыстардың жүлдегері. Франция, БАӘ-де өткен байқауларға қатысып, үздік 10 дәнекерлеуші қатарына кірген.
БЕКСҰЛТАН ТҰРҒАНҚҰЛ, АЛМАТЫ ҚҰРЫЛЫС-ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ 4-КУРС СТУДЕНТІ:
Биылғы жыл "Жұмысшы мамандықтары жылы" деп жариялауыңыз мені қатты қуантты. Себебі біздің мәртебеміз көтерілді. Кейбір жас буындар ойлайд ғой бұл мамандықты қажет емес деп, қиын деп санайды. Мен осы орайда мемлекетке керек екенімді сезіндім және сізге үлкен алғысымды білдіремін.
"Мамандығым-мақтанышым" жобасы аясында 500-ден астам жаңа мамандық анықталды. 9 өңірлік атлас дайындалды.
ОЛЖАС СӘКЕНОВ, «МАМАНДЫҒЫМ - БОЛАШАҒЫМ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Біз атом өнеркәсібіне қажетті кадрларды анықтадық. Қазір оларды отандық 6 жоғарғы оқу орны еліміздегі кәсіпорындармен және шетелдік институттармен бірлесіп дайындап жатыр.
Қалашықтағы 40 интерактивті көрмеде 200-ден астам мамандықтың қыр-сырына қанығып, экономика секторларының ерекшеліктерімен танысуға болады. Фестиваль аясында бірнеше күн бойы түрлі семинарлар, шеберлік сағаттары, инновациялық сессиялар мен жұмыс жәрмеңкелері ұйымдастырылады.