Парламент кітапханасында «Қазақ халқының тарихы» кітабының тұсаукесері өтті. Репрессияға ұшыраған қазақ тарихшысы, қоғам қайраткері Мұхаметжан Тынышбайұлының бұл еңбегі орыс тілінде алғаш рет 1925 жылы жарық көрген. Араға 100 жыл салып, құнды еңбек қазақ тіліне аударылды. Іс-шара «AMANAT» фракциясының қолдауымен ұйымдастырылды. "Мұхаметжан Тынышбайұлының еңбегінің қазақ тіліне аударылып, кең аудиторияға қолжетімді болуы ұлттық рухани мұраны жаңғырту жолындағы маңызды қадам" деді «AMANAT» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев.
ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
"Қазақ халқының тарихы" деп қазақтың ру тайпалық уақытындағы пайда болуына нақты мағлұматтармен, дәлелдермен сол уақыттағы мына орыс империясына бір мағлұмат ретінде қазақтың бұл ұлы дархан даласында жайдан-жай пайда болмағанына бір себеп болсын деп орыс тілінде шығарылған үлкен тарихи материалы.
AmalBooks баспасының негізін қалаушы, жазушы Бақытжан Бұқарбай да бұл еңбектің қазақ тіліне аударылуын отандық ғылымдағы үлкен қадам әрі тарихи жауапкершілік деп санайды.
БАҚЫТЖАН БҰҚАРБАЙ, "AMALBOOKS" БАСПАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Бұл кітапта қазақтардың ру-тайпалық қалыптасуы, қазақ мемлекеттілігінің пайда болып, дамып отыруы барлығы көрініс тапқан. Сондықтан өзіміздің тарихымызды, өткенімізді танитын болсақ бұл ең маңызды дерек көздерінің бірі. Енді ол қазақ тілінде жарық көріп отыр.