ЕХРО-2017 көрмесі қарсаңында Астанаға миллиондардың арманы, аты әлемге мәшһүр актер Джеки Чан ат басын бұрды. Жұлдызды әуежайдан қала әкімі Әсет Исекешев қарсы алды. Джеки Чан Қазақстандағы қытай киносының фестивалін ашты. Сондай-ақ өзінің «Кунг-фу йога» аталатын жаңа фильмін таныстырды. Танымал тележұлдызға әріптесім Айгүл Әдепбай сұрақ қойып қайтты.
Айгүл Әдепбай, тілші:
Бүгін киносүйер қауым үшін армандар орындалған күн. Сүйікті актерін көру үшін мыңдаған фонаттар Қазмедиа орталығын қоршап алды. Қолтаңба алып суретке түскісі келетіндерде есеп жоқ.
Актерге сұрақ қоям деген журналистердің де қарасы аз болған жоқ. Баспасөз орталығында тілшілер тіпті түрегеп тұрды. Бірақ уақыт тығыздығынан сұрақтар шектеулі болды. Тілшілерді қызықтарған сауалдың бірі Джеки Чанның талантты әншіміз Димаш Құдайбергенмен қарым-қатынасы.
Джеки Чан, актер:
Бірде
теледидарды қосып қалып, тым жоғары дауыста ән салып жатқан әншіні көрдім. Ол
халықты тәнті етті. Мені де таң қалдырды. Кейін менің фанатым екенін білдім.
Онымен кездескеніме қуанышты болдым. Болашақта Димаш кинематографияның жарық
жұлдызы болатынына сенемін.
63
жастағы актердің дене бітіміне қарап, жасын дөп басып айта алмайсың. Джеки Чан
Қазақстанға келіп кино саласында еңбектенгісі келетін арманымен де бөлісті.
Негізінен комедиялық киноларда ойнайтын актер әзіл-қалжыңын аямады.
Джеки Чан, актер:
Осыдан 10 жыл бұрын Қазақстанның Гонконгтағы елшісі маған Қазақстан туралы айтты. Сол кезден бастап осында келіп, кинематографиямен айналысқым келді. Болашақта оралып, осы арманымды жүзеге асырсам деймін. Бірақ Қазақстанның тамаша табиғатын өзімнің тарс-тұрс етіп жататын киноларыммен бүлдіріп аламын ба деп қорқамын.
Актер өзінің бірден жұлдыз болмағанын, талай баспалдақтан өткенін де айтып өтті. Джеки Чан жомарттығымен де әйгілі. Болашақта Қазақстанның қайырымдылық жобаларына қатысуы әбден мүмкін көрінеді.
Джеки Чан, актер:
Тілшілерге бір өтінішім бар. Мен Қазақстанды жақсы білмеймін. Сондықтан журналистер менің көмегім қай салаға көбірек керек екенін айтса, көмектесуге дайынмын. Мен әлем бойынша қайырымдылықпен айналысқан кезде, қай жерде қалай көмек қолын соза алатынымды тілшілер маған үнемі айтып отырады.
Кино әлемінің жарық жұлдызы өнеріне тәнті болған қауымға алғысын білдірді. Баспасөз мәслихатынан соң актер қазақ-қытай кинофестивалін ашты.
Айгүл
ӘДЕПБАЙ