$505.15 €550.31 ₽5.89
×

«Қыз жасауын көрмеге айналдыру қазаққа жат қылық»,- этнограф

14.02.2025ж. 20:00
170
«Қыз жасауын көрмеге айналдыру қазаққа жат қылық»,- этнограф

«Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды». Қазақ ежелден-ақ үкілеген үміті, аяулы қыздары бой жеткен сәтте жасауын дайындап, қияға қондыруға асыққан. Алайда бүгінде сол бір әдемі дәстүр бәсекеге айналған тәрізді. Тұрмыстық техниканың түр-түрін салады, одан қалса қос-қостап бағалы тон, бренд сөмкеге дейін беріп жатады. Аста-төк ысырапшылдықтың зардабын тартатын да өздері екенін ұмытып кететіндей. Бүйте берсек, бар дәстүрімізді «бүлдіріп» алмайтынымызға кім кепіл? Жалпы этнографтар бұған не дейді? Мөлдір Жақанның сюжетін көрейік.

МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Жасауға осы бағалы тонды қоссам деймін. Туған-туыстан ұят болмасын деп екінші түрін де алдым. Құдалар сөз қылмасын, үшіншісін тағы сатып алдым. Бұдан бөлек ыдыс-аяқ, төсек-орын, көрпе-жастық керек. Мұның бәріне қаражат қайда? Несиеден басқа амал жоқ...

Бүгінгі қоғамның көрінісі – осы. «Ұят боладымен» өмір сүру. Несиеге белшесінен батса да, қатардан қалмайын деп бар жиғанын жасауға үйіп-төгеді. Ол аздай, апарған дүние-мүлікті көрмеге айналдырады.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Мен қарапайым спальный гарнитур, стиралка алып баратын шығармын.
- Адамның жағдайына қарай ғой бәрі. Көрпеңе қарай төсел дейді ғой қарап тұрсаң.
- Көбі кредитке алып, кредитке той істейді. Керек емес нәрсе.
- Түпкі нәрсе – біздің қызымызды сыйла деген нәрсе. Сол үшін оны көрсеткісі келеді. Ал негізі оның бәрі тәрбиеден басталады ғой.

Қазір қыз жасауы табысты бизнес көзіне айналған. Өйткені қызына жасауды өз қолынан дайындап беретін аналар кемде-кем. «Махаббат көрпесі», «құдағи көрпесі» дейсіз бе, дүкен сөрелерінде, әлеуметтік желіде самсап тұр. Сапалы құрақ көрпелер мен сандықтардың бағасы кемі 400 мың теңгеден басталады.

МАРИНА ДОСТАЕВА, КӘСІПКЕР:

Айвори деген түс өте трендте. Ол ақшыл-бежевый болады. Қазір қыздардың барлығы любой интерьерге сай келеді деп сол көрпешелерді алады. Көбісі онлайн түрде заказ береді.

Жасаудың мөлшері құдандалы екі жақтың өзара келісімімен әрқилы деңгейде болса да, жігіт жағынан берілетін қалыңмал, кәде, жыртысымен пара-пар болуы шарт. Дегенмен этнографтардың айтуынша, даңғазалыққа салынудың қажеті жоқ.

СЫМБАТ АХМЕТОВА, Л.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ «БІЛІМ ТАРИХЫ» МУЗЕЙІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ, ЭТНОГРАФ:

Бізде қазақ халқында көрме болған емес. Бұл бізге өзбек халқынан енген. Шындық тарихқа келгенде, біздің ата-бабамыз аса бақуатты болған. Олар сондай материалдық дүниемен ешкімді де таңғалдыра алмайды. Байлықты мал санымен санаған және ең құрметті адам – ол өнерлі адам, білімді адам деп санаған.

Этнограф қыз жасауы ретінде ұршық не тігін машинасын бергенді жөн көреді.

СЫМБАТ АХМЕТОВА, Л. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ БІЛІМ-ТӘРБИЕ МУЗЕЙІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ, ЭТНОГРАФ:

Қыз баланың қолындағы ең жақсы ойыншық – бұл ұршық деген. Қолынан іс келген адам ешқашан аш қалмайды және ол ешқандай күйзеліске түспейді. Жалпы қолөнердің философиясы өте кең.

Қыз жасауы атам заманнан бері жалғасып келе жатқан дәстүр. Оны «берме» деп айтудан аулақпыз. Тек дәстүрдің де озығы бар, тозығы бар, естісі мен ескісі бар.