$505.15 €550.31 ₽5.89
×

Оралдық үлескерлер үй аламыз деп далада қалды

14.02.2025ж. 20:00
182
Оралдық үлескерлер үй аламыз деп далада қалды

Орал қаласының елуден астам тұрғыны жаңа үй аламыз деп далада қалды. Үмітін үзбеген үлескерлер уәдеге тойғызған құрылыс компаниясын сотта жеңіп шықса да, әлі шешімі орындалар емес.

Үлескерлікпен үй саламыз деген компания ескі үйді бұзып, құрылысқа кіріскен. Бетон тіреулерді тұрғызып, кезек екінші үйге келгенде құрылыс тынышталып қалады: сол тоқтағаннан мол тоқтаған. Ал тұрғындар алданғанымызды сонда ғана білдік дейді.

ВАЛЕНТИНА МАКИСОВА, ҮЛЕСКЕР:

Салғаннан кейін бір жыл өтті. Келіп қараймыз, қозғалыс жоқ. Келіп қараймыз. Уже жылаймыз, қарғаймыз. Неше түрліні жасаймыз. Үш жыл өтті, ақшамыз жоқ.

Бүгінде жаңа үй аламыз деп жиған-тергенін санап беріп, тақырға отырғандардың қатары елуден асыпты. Компанияның тұрғындарға берешегі 120 миллионға жеткен. Алданғандардың ішінде тіпті облыстық мәслихаттың депутаты да бар. 8 миллион теңгесін санап берген ол да сот жағалап, сергелдеңге түсерімді білмедім дейді.

БОРИС ЛАВРЕНТЬЕВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:

Мен ақшамды салғанда "Қазхолдың" есепшоттары жабылып қалыпты. Соған қарамастан мені алдап, бетон құйып жатырмыз, үлескерлік құрылысқа рұқсатымыз бар деді. Түбі шикі екенін құрылыс созылып кеткенде білдік. Соттасып, ақшаны кері қайтару туралы шешім шығарды. Бірақ көк тиын да қайтармады.

Ал компания басшылығы құрылысты қайта жандандырамыз, тұрғындарды далада қалдырмаймыз деп сендіреді.

ЕСЕНЖАН ШОНАЕВ, «ҚАЗХОЛ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

Біздерде қаржылық дағдарыс. Біз реабилитацияға бердік. Сот шешімін күтіп отырмыз. Желтоқсанда шығады деді, 23-інде. 2-3 фирма апелляцияға берді, сол апелляцияны күтіп отырмыз енді. Сосын фирманың шоттары ашылады. Фирма үй салып бастайды. Біздің қазір қасымызда инвесторлар бар.

Бұл іске әкімдіктің де қатысы бар көрінеді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында апатты үйді жаңарту туралы үшжақты меморандумға қол қойған.

АЗАМАТ ХАЛЕЛОВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл жерде әкімдіктің міндеті өзіңіз білесіз, алаяқтық болады, басқа болады. Сол болмау үшін әкімдік үшінші жақ болды. Себебі аталған келісімшарттың жүзеге асуына әкімдік жауап береді.

Осылай міндеттенген әкімдіктің дерегінше, реновация бағдарламасы бойынша Оралда соңғы 8 жылда 34 апатты үй бұзылып, орнына 16 көпқабатты баспана салынған. Ал үйсіз қалған үлескерлер мәселесі қалай шешілері әзірге белгісіз.