$489.15 €533.47 ₽5.64
×

14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күні

14.02.2025ж. 20:00
217
14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күні

Бүгін – халықаралық кітап сыйлау күні. Идея алғаш рет 2012 жылы АҚШ-та ұсынылып, кейін өзге елдерден де қолдау тапты. Әлемнің түкпір-түкпірінде бір-біріне кітап сыйлайтын жандардың қатары көбейе түсуде.

АЙБЕК САЛДАТБЕК, ТІЛШІ:

Осынша кітапты босқа ұстап алғам жоқ. Кездескен адамдарға тарту етем. Өйткені бүгін -халықаралық кітап сыйлау күні. Бұл туралы біздің жұрт біле ме?Қазір тексеріп көретін боламыз.

Бұл айтулы күн жайында кездескендер білмейтін боп шықты, бірақ көңілімді кері қайтарған жоқ, жылы қабылдады.

Кітап ұстап, таратып жүргеніме таңырқай қараса да, қолдарына рухани қазына тиген соң “рақмет” айтты.

Біздің қоғамда көшеде кітап алып жүру, болмаса басқа біреуге сыйлау қалыпты жағдай деуге келмейді. Десе де осы үрдісті дәстүрге айналдырсақ дейді тұрғындар.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- По идее керек. Чем в интернете сидеть, лучше кітап сыйлау керек.
- Өте керемет. Адамдарға білім және ой тастайды.
- Ал сізге мына Ақбұлақ деген кітапты сыйлайын, иә? Оқып жүріңіздер.

- Рақмет!!!

Бұл күнді ерекше ескеріп, жыл сайын кітап сыйлауды әдетке айналдырғандар жоқ емес. Кітап алмасып, қуаныштары көбейеді.

Оқырмандардың айтуынша оларға 14 ақпан - Әулие Валентин дегеннен гөрі “Кітап сыйлау күні” деген атпен маңыздырақ. Әрі осы сәтті асыға күтеді екен.

ГҮЛЖӘМИЛӘ СЕРІК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Кітап адамды мысалы рухани байытатын нәрсе. Сондықтан басқа сыйлықтардан гөрі, осы кітап бір ерекше сыйлық. Кітаптың орны мен үшін ерекше. Кітап алғанда менің сезімім де бөлек деп айта алам.

Соңғы жылдары елімізде кітап сыйлау күнін мерекелеу жақсы қарқын алып келеді. Осы күні кітап дүкендері мен баспалар жәрмеңке өткізіп, оқырманға жеңілдік жасайды.

НАЗЛЫ АЙТБАЙ, КІТАП ДҮКЕНІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Клиенттердің саны ұлғайып, жалпы бірінен соң бірі келіп жатыр. Бұл жалпы Валентин күні ғана емес, сондықтан 14-і күнін пайдаланып біз әдейі 3 күн жеңілдік жариялап жатырмыз. Біздің осы кітап баспа үйінің де жалпы миссиясы сол, қазақша оқитын жастардың санын ұлғайту. Жастар ғана емес, үлкендердің де арасынан шығып отырса.

Кітапты жер-жерде насихаттап, оқитын ұлтқа айналу мақсатында "Бірге кітап оқиық" аманаты қолға алынды. Игі іске қолдау білдіріп, жылы қабылдап жатыр.

АЙБЕК САЛДАТБЕК, ТІЛШІ:

Кітап жазу да, кітап оқу да, кітап сыйлау да дүниедегі ең жақсы әдет. Неге десеңіз? Кітап оқыған сайын оның ішіне еніп, кейіпкерлермен бірге өмір сүресің. Бұл мінез құлқыңды жақсы жаққа өзгертіп, таным көкжиегіңді кеңейте түседі.