Батыс Қазақстан облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі өңірде «Жайық» жаңа футбол клубының құрылғанын жазды, деп хабарлайды Astana TV.
Клубтың құрылтайшылары:
- Дамир Фаатұлы Калаков – кәсіпкер, «Бәйтерек» футзал клубының жетекшісі, клубтың спорттық бағытына жауап береді.
- Асылхан Сүйімжанович Сапиев – жеке кәсіпкер, клубқа демеушілер мен серіктестер тарту жұмыстарын жүргізеді.
Жобаға салынған инвестиция көлемі – 80 миллион теңге, оның ішінде:
- 65 миллион теңге – бұрынғы «Ақжайық» ФК ойыншылары мен жаттықтырушыларына еңбекақы бойынша қарызды өтеуге бөлінеді;
- 15 миллион теңге – екінші лигада ойнауға лицензия алуға жұмсалады.
«Жайық» футбол клубы өңірдегі футболды дамытуға бағытталған ауқымды жобаларды қолға алады. Негізгі басымдық балалар мен жасөспірімдер футболын жандандыруға бағытталады. Жергілікті спортшылар мен мамандарды тарту – негізгі міндеттердің бірі.
«Батыс Қазақстан облысында футболдың әлеуеті жоғары. Біз кезең-кезеңімен жаңа деңгейге көтерілетінімізге сенемін. Алда – жаңа жеңістер, жаңа мүмкіндіктер. «Жайық» ФК мықты клубтардың қатарына қосылатынына күмәнім жоқ», - дейді «Бәйтерек» футзал клубының жетекшісі Дамир Калаков.
Клубтың жұмысын ашық жүргізу және қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету үшін арнайы қадағалау комитеті құрылады. Оның құрамына жас футболшылардың ата-аналары, спорт сарапшылары және жаттықтырушылар кіреді. Бұл комитет басшылықтың қызметін бақылап, кеңес беріп, клубтың даму бағытын қадағалап отырады.
Алдағы маусымда «Жайық» Қазақстан чемпионатының екінші лигасында өнер көрсетеді. Сонымен қатар, клубтың жастар құрамасы QJ League (Қазақстанның жасөспірімдер лигасы) турниріне қатысуы мүмкін.