$520.93 €609.07 ₽6.68
×

20 наурыздағы сайлауға ШҚО 18 мың жас алғаш рет дауыс беруге барады

AstanaTV
18.03.2016ж. 20:00
2735
20 наурыздағы сайлауға ШҚО 18 мың жас алғаш рет дауыс беруге барады

Шығыс Қазақстан облысында 18 мың жас тұңғыш рет сайлауға қатысып, өз таңдауын жасайды. Осыған орай Өскемен қаласында «Мен алғаш рет дауыс беремін» акциясы ұйымдастырылды. Оған студенттер шақырылып, саяси шараның жай-жапсары түсіндірілді.

Бұл қыз-жігіттер - колледж түлектері. Олар жақында электрик, дәнекерлеуші, аспаз, шаштараз сынды кәсіби мамандықтарды иеленбек. Кәмелет жасына биыл ғана толған. Сондықтан алдағы сайлауға алғаш рет қатысып, өз таңдауларын жасайды. Десе де, халық қалаулыларының қандай мәселеге ден қою керектігін жақсы біледі.

Бізге, жас мамандарға, оқу бітірген соң жақсы жұмыс орнының табылуы өте маңызды.

Аймақтағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде сайлау учаскесі ұйымдастырылған. Сайлау күні мұнда 600 студент дауыс береді. Аумақтық сайлау комиссиясы өкілдері саяси шара туралы түсіндірді. Сондықтан олар дауыс берудің маңыздылығын біледі. 

Салтанат Мұхтарқызы, ШҚМУ студенті:

Бұл менің алғашқы дауысым. Мен сайлауға міндетті түрде барамын. Себебі дауысымның елім үшін, Қазақстан үшін маңызы бар екенін білемін.

Шара барысында студенттер сайлаушылар тізімінен өздері жайлы ақпарат алуға мүмкіндік алды. «Мен алғаш дауыс беремін» акциясына қатысқандарға естелік төсбелгілер табысталды. 

Раушан Мұстафина, ШҚО ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы:

Ұйымдастырушылар дайындаған кеудеге значоктары бар. Сол значоктарда жазылған «Менің алғашқы таңдауым», «Мен болашағым үшін дауыс беремін». Мақсат - жастар арасында саясатқа қызығушылықты арттыру.

14 студент есептен шығару куәлігін алып үлгерген. Мереке қарсаңында ата-анасының қасына баратын олар өз ауылдарында таңдауларын жасамақ. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ