$495.28 €538.32 ₽5.77
×

"Кәсіпорындар мен колледждер 250-ге жуық меморандумға қол қойды", - министр

17.02.2025ж. 20:00
216
"Кәсіпорындар мен колледждер 250-ге жуық меморандумға қол қойды", - министр

"Жұмысшы мамандықтар қаласы" фестивалі аясында кәсіпорындар мен колледждер 250 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл мыңдаған білікті маман даярлауға сеп болады. 5 күнге созылған шарада 50 мыңнан астам адам еңбек әлемінің тыныс-тіршілігімен танысты. Сан саланың ерекшелігін сезінді. Жұмысшы мамандықтар жылының бастауы болған шара туралы әріптесім Сүндет Оралбек айтсын.

СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Жұмысшы мамандықтар қоғамның негізін қалаушысы. Қалашықтың 8 көшесінде 50 шақты үй тұрғызылды. 5 күн бойы оқушылар түрлі саланың тыныс-тіршілігімен, қызық-шыжығымен танысты. Үлкен өмірге қадам басар алдында дұрыс таңдау жасауға мүмкіндік алды.

Мадина Байдүйсенова -11-сынып оқушысы. Ол фестиваль аясында құрыш қол құрылысшы, адам жанының арашасы дәрігер, борт серік, құтқарушы болып, сан салада өзін сынап көрді.

МАДИНА БАЙДҮЙСЕНОВА, ОҚУШЫ:

Қазіргі қарастырып жатқан мамандығым - IT саласы. Осы мамандықта көптеген компаниялар бар екен. Оларға жұмыс орнына тұруға, қаражат жағынан да, мамандық жағынан да жақсы жағдайлар жасалған. Көптеген ақпарат ала алдым.

Шараға жиналғандар сан түрлі мамандықтың ерекшелігін сезінді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА

- Кеше ғана 9 сынып оқушыларын алып келіп едім, балалардың көбі өз мамандықтарын таңдап үлгерді. Бүгін өз балаларыммен келдім.
 - Қызықты болып жатыр балаларға да. Түрлі-түрлі мамандықтарды көріп жатыр. Неше түрлі жұмыстарды, қалай жасалу керек, құрылғыларының бәрімен танысып жатыр.
- Мамандықтар бойынша көптеген дүниелер үйрендім. Енді біліп жүремін. Жұмыс, оқу орындары бойынша ақыл-кеңес берді.

5күнде фестивальға еліміздің барлық өңірінен 50 мыңнан астам адам қатысты. 200-ден астам жұмысшы мамандықтармен танысып, 40 интерактивті алаңды аралады.

ҒАНИ БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

Фестиваль жұмысының нәтижесінде колледждер мен кәсіпорындар арасында әріптестік туралы 250-ге жуық меморандумға қол қойылды.

30 мыңнан астам оқушы кәсіби диагностикадан өтіп, дағдыларын, қызығушылықтары мен қабілеттерін анықтады. Шара барысында 30-дан астам кәсіптік бағдар беру шеберліктері, 70 викторына, 200-ге жуық ойын ұйымдастырылып, 1000-нан астам жүлде мен сыйлықтар ойнатылды. Гидтер оқушылар мен студенттер үшін 210-нан астам экскурсия өткізді.