Алматы облысында уақытша ұстау изоляторында күдіктілер туған күн кешін ұйымдастырды.
Қамаудағылар еш қымсынбастан смартфон қолданып, әндетіп, тіпті ерекше отырысты видеоға түсірген. Айта кетейік, олар Шерзат Болаттың өліміне қатысты күдіктілер болып шықты.
МЕЙРАМ ӘБІКЕЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПД БАСТЫҒЫ:
Уақытша ұстау изоляторынан бір күдікті тұлғаның туған күнін атап өту бейнеленген видеоның таралу фактісі бойынша жан-жақты тексеру жүргізілуде. Барлық кінәлі тұлғалар, соның ішінде басшылық та қатаң жауапкершілікке тартылады. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынды. Осы құқық бұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою бойынша шаралар қабылданды.
Бұған дейін де Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде, тергеу изоляторларында техникалық құралдар мен құрылғыларды заңсыз беру, жеткізу және пайдалану деректері әшкереленген. Ал мобильді гаджеттерді заңсыз жеткізушілерге 1 000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салынады немесе 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады, не болмаса бір жылға дейін бас бостандығынан шектелуі мүмкін. « Дәл осы Алматы облысындағы түрмедегі бассыздық белең алып кетті. Қылмыскерлер тиісті жазаларын алуы керек» - дейді журналист Асқарбек Қазанғап.
АСҚАРБЕК ҚАЗАНҒАП, ЖУРНАЛИСТ:
Күдіктілер алаңсыз музыка қойып, әндетіп, той-думандатып туған күнін тойлауда. ИВС-терге жауапты басшылар облыстық әкімшілік полиция басқармасының бастығы Еркебұлан Ахметов бар, орынбасары Ұлан Сағындықов, куратор Салтанат Қожайывалар осы жағдайлардың бәрін қалай көз алдында өткізген, неге алдында болған жағдайлардан сабақ алып, тиісті қорытынды шығармаған деген осындай үлкен сауал туындап тұр. Қатаң тәртіптегі ИВС-терде болсын, басқа түрмелерде болсын телефон өткізу, басқа да жаңағыдай болмайтын дәм болсын, тағам болсын өткізу бұл әрине ереженің бұзылуы. Енді оған сәйкесінше тексеріс қажет.