Костенко шахтасындағы 46 кеншінің қазасына қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді.
"Бас прокуратураның арнайы прокурорларының басшылығымен ВЖТТ Костенко шахтасындағы 46 кеншінің қазасына қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды", - деп жазылған хабарламада.
10 айыпталушыға қатысты іс тау-кен жұмыстарының қауіпсіздік ережелерін бұзу (ҚК 277-бабының 3-бөлігі) бойынша сотқа жолданған.
2023 жылғы 28 қазанда Қарағандыдағы Костенко атындағы шахтада жарылыс болды. Апат кезінде шахтада барлығы 252 адам болған, 205 адамды жер бетіне шығарып үлгерді. Алайда қайғылы оқиға салдарынан 46 кенші қаза тапты.