Соңғы 1 жылда көлік бағасы 10 пайызға қымбаттаған. Сұраныс көп болса да, алушылардың 90-95 проценті несиеге рәсімдеген. Бұл арзан көліктің көптігінен бе, әлде амалдың жоқтығынан ба? Тілшіміз жауап іздеп көрді.
Автосалондар көліктің ескісіне де, жаңасына да лық толы. Әсіресе қытайлық темір тұлпар жетерлік. Бірақ жұрт бағасы мен сапасына көңіліміз толмайды дейді.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Бәрі кредит қой енді, қолжетімді болу керек енді. Қашанғы қымбаттата береді оны.
- Енді более-менее арзан ғой қытай. Уже қазір ана шевролеттен гөрі, бәрі қытайға көшіп жатыр.
- Қытайдың аты қытай ғой. Сол сапасыз деп ойлаймын өзім.
Қала тұрғыны Руслан Махаев оң рульді көліктерге заң күшейіп жатқан соң ескі көлігін сатып жіберіпті. Айтуынша басқасын не жаңасын алуға қалың қаражат керек, ол қалтаға салмақ түсіреді.
РУСЛАН МАХАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Қымбат емес, арзанға кетті ғой менікі. Қазір енді көлік қымбаттап жатыр ғой. Қытай болсын, қандай болса да қымбат қой негізі. Қытайға менің сенімім жоқ. Көлікке сенім жоқ қытай көлікке.
Автосалон қызметкерлерінің сөзінше жаңа көлік алушылардың саны күн санап көбейіп жатыр. Оның 90-95%-ы несиеге алады. Жоғары сұраныста отандық өнімдерден сhevrolet, kia, hyundai болса, Қытайлық автокөліктерден haval, changan, geely мен chery көп сатылады. Баға былтырмен салыстырғанда 5-10%-ке қымбаттаған.
НҰРИСЛАМ ЕРМЕК, АВТОМАРКЕТОЛОГ:
Автокөліктің бағасы негізі автокөліктің материалдарына байланысты болады және де тасымалға байланысты. Қазіргі таңда бізге Қазақстанға автокөліктерді тасу кішкене қиынырақ болады, сондықтан автокөліктің бағасы кішкене өсіп жатыр. Алдағы уақытта баға қатты көтеріледі деген ойда емеспін, но тұрақтылық қалыптасуы мүмкін. Қазіргі таңда жаңа автокөліктердің ең арзаны 8 миллионнан басталады.
Автокөлік алатын тиімді мемлекеттік бағдарлама жоқ. Ал автосалондар мен ресми диллерлер 7 жылға 4-9 пайызбен жаңа көліктерді несиеге береді. Алайда кемі 25-30 процент бастапқы жарнасын төлеуіңіз керек.
АЙБЕК САЛДАТБЕК, ТІЛШІ:
Баға елде үлкен көлемде көлік шығаратын зауыттар көбейгенде түспесе, себепсіз арзандай қоюы екіталай. Қолма қол қаржыға алмақ түгіл, алғашқы жарнаны төлейтін мүмкіндік жалпыда бірдей жоқ. Айналып келгенде жаяу табаныңнан сыз өтіп, автомобиль алайын десең қалтаң көтермейді.