$503.05 €542.99 ₽5.98
×

Алматыда ескі көліктердің қозғалысы шектелуі мүмкін

AstanaTV
18.02.2025ж. 18:59
167
Алматыда ескі көліктердің қозғалысы шектелуі мүмкін

Алматыда ескі көліктердің қозғалысы шектелуі мүмкін. Мұндай ұсыныс қаладағы ауа сапасын жақсарту мәселесіне арналған қоғамдық кеңес отырысында айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz.

2024 жылғы зерттеу деректері бойынша Алматыдағы ауаны негізгі ластаушы көз - көліктер, оның үлесі жалпы шығарындылардың 60 пайызы болады. Жылына шығатын 189 мың тонна ластаушы заттардың 112 мың тоннасы көліктердің, 52 мың тоннасы өнеркәсіптің, ал қалған бөлігі жеке үйлер мен шағын бизнестің үлесіне келеді.

Almaty Air Initiative қорының жобалар менеджері Равкат Мұхтаровтың айтуынша, Алматыдағы ластаушы заттардың деңгейі рұқсат етілген нормадан орта есеппен 4,8 есеге жоғары.

Көлік инфрақұрылымы жөніндегі сарапшы Елена Ерзакович қоғамдық көлікті дамыту жұмыстарын күшейту қажет екенін айтты. Соның ішінде автобус жолақтарын көбейту маңызды. Сондай-ақ, автотұрақ кеңістігін дамыту ауа сапасын жақсартуға ықпал ететінін айтты.

Алматы мәслихатының депутаты Бейбіт Әпсенбетов "ауа мәселесі - өмірлік мәселе" екенін, сондықтан қала билігі ескі көліктердің санын қысқарту бойынша кешенді шараларды шұғыл түрде жүзеге асыруы керек екенін айтты.

Отырыстың қорытындысы бойынша мынадай шаралар ұсынылды:

Евро 0–4 экологиялық санаттағы көліктерді пайдалануды шектей отырып, төмен шығарындылы аймақтарды құру;

Қоршаған ортаға әсеріне қарай экологиялық таза аймақтарға кіруге ақы енгізу;

Қатты отынмен жұмыс істейтін қоғамдық тамақтану орындарында су сүзгілерін орнату талаптарын қатаңдату;

Жеке тұрғын үйлерді газдандыруды аяқтап, 86 қоғамдық және 12 316 жеке моншаны газға көшіру;

Көліктерді техникалық бақылау бекеттеріне бақылауды күшейту. Қазір Алматыда 138 техникалық бақылау бекеті бар, олардың 80-ге жуығы заң талаптарына сай келмейді.

Сонымен қатар, III және IV санаттағы өнеркәсіптік нысандарға қосымша экологиялық талаптар енгізу ұсынылды.