Бізде бір баланың тамағына – 840, ал итке 20 мың теңге бөлінеді. Депутаттар ақшаны оңды-солды шашпау үшін төртаяқтыны эвтаназиялауды ұсынды. Қазір заң жобасы әзірленіп жатыр. Елімізде жыл сайын 38 мыңнан астам адамды бұралқы қабады. Бұл - күніне 104 тұрғын итке таланады деген сөз. Оның көбі – бала. Адам өмірі қымбат па, әлде қаңғыбас иттің "құқығы" ма деп ашынған мәжілісмендер мәселені тез арада шешу керегін айтты.
ЕДІЛ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Өткенде ғана Маңғыстау өңірінде болған оқиға барша ата-аналардың уайымын күшейтті. Өздеріңіз де естіп-біліп отырсыздар, 16 жастағы бала итке таланып, ауыр жағдайда ауруханаға түсті. Біреулер «қазір ештеңеге таң қалуға болмайды, онда тұрған не бар?» деуі мүмкін, бірақ мәнісіне терең үңілсек, бұл оқиға бірнеше қоғамдық проблеманың бетін ашып берді.