$503.05 €542.99 ₽5.98
×

"Ақшасын төлеп, 5 жылдан бері үйімізді ала алмай жүрміз" , - тұрғын

19.02.2025ж. 20:00
160
"Ақшасын төлеп, 5 жылдан бері үйімізді ала алмай жүрміз" , - тұрғын

Ақшасын төлесек те 5 жылдан бері үйімізді ала алмай жүрміз. Елорда тұрғындары мердігер компания қаржымызды алып, жұмыс істемей отыр дейді. Тіпті аяқ асты заңсыздық анықталып, әлі түрін көрмеген пәтеріміз сүріліп кете ме деп қорқады.

Салымшылардың сөзінше, ақшаны алған мердігер компания құрғақ сөзбен уақытты созып келеді. Ал қаражатын кері қайтармақ болғандар үйден де, ақшадан да айрыламыз ба деп алаңдайды. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек аталмыш компания өкіліне қатаң ескерту жасады.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, ҚАЛА ӘКІМІ:

Мен сіздерге ескертем. Осылай алдап жүре береміз деп ойлағандар көп болған. Қайда қазір солар? Сіз секілді көптеген құрылыс объектісін алған адамдар, бәлкім бір жерде акционерлеріңіз бар шығар, не қаражатты жымқырып отыр, не соттасып жүр. Тұрғындарды алдай берсеңіздер бәрі түбінде солай аяқталады. Сіздерден нысанды алып қояды, тіпті құқықтық жауапкершілікке тартыласыздар. Осы мәселенің шешімін табуын мен жеке өзім бақылайтын боламын.

Қала әкімімен кездесуде тұрғындар қағаз жүзінде ресми бекітілсе де, әлі күнге іске қосылмай отырған мемлекеттік балабақшалар жайын да айтты. Әкім орынбасары және бас архитектормен жол картасы белгіленсе де, 3 жылдан бері әлеуметтік нысанда мектепке дейінгі білім беретін мекеме жоқ дейді.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, ҚАЛА ӘКІМІ:

Өткен жылы мемлекеттік балабақшаларды салу бойынша ауқымды жобаны қолға алғанбыз. 3 балабақша жақын кезеңде қолданысқа беріледі, оған қоса биыл тағы 7-еуін салуды жоспарлап отырмыз. "Нова сити" бойынша мен тексеріп көрем, егер "ол жақта ашамыз" деген уәде болса осы жылы жұмысты бастауға тырысамыз.