Инфляция дес бермей тұр. Жауаптылар теңгенің құнсыздануын болдырмаймыз деп уәдені үйіп-төккенмен, қымбатшылық ырыққа көнбей жатыр. Инфляция деңгейі 8,9 процентке жетті. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны 8,4 пайыз болды. Максимал мән Түркістан облысында тіркелді. 13 пайыз. Ал Павлодар облысында керісінше ең төмен өсім байқалды. 5,7 процент. Ақылы көрсетілетін қызмет құны да 13,8 пайызға өсті. Астанада шамамен 18, Ал Түркістан облысында 9,3 процентке шарықтады.
Теңгенің құнсыздануы әлеуметтік маңызы бар тауарларға да кері әсерін тигізді. Азық-түлік бағасы жыл басынан бері 2 пайызға қымбаттады. Ең жоғарғы өсім Ұлытау, Ақтөбе және Шығыс Қазақстанда тіркелді. Үкімет бағаның күрт көтерілмеуі үшін тұрақтандыру қорларындағы өнімдерді саудаға шығармақ. Биыл көкөніс құнын тұрақты ұстауы үшін 158 мың тонна қор жиналған. Оның 45 мыңнан астам тоннасы сатылып кетті. Саудаланған өнімнің 27 тоннасы – картоп, 6 мың тоннасы – пияз, 5 мың тоннасы – қырыққабат. Сондай-ақ, бағаны бірқалыпты ұстап тұру үшін жауаптылар жәрмеңке өткізуді қолға алған. Айта кетейік, былтыр 4 мыңнан астам жәрмеңке өткізілді.
Былтыр еліміздің тұмса табиғатын тамашалау үшін 2 млн 800 мыңға тарта турист ұлттық парктерге ат басын бұрды. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 18 пайызға көп. Демалушылардың дені Алматыдағы Іле-Алатау, Шарын, Алтын-Емел, Көлсай көлдеріне барған. Қазір елімізде 16 визиттік орталық жұмыс істеп тұр. Бұл нысандар келушілерге көз тартар көрікті жерлермен тереңірек танысуға және саяхатшыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.