$502.47 €525.83 ₽5.68
×

Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Иордан Хашимит Корольдігіне барды

19.02.2025ж. 20:00
135
Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Иордан Хашимит Корольдігіне барды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Иордан Хашимит Корольдігіне барды. Таяу шығыстың қақпасы саналатын елге Қазақстан Президентінің келуі екі елдің қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеріп, сан түрлі саладағы байланысты нығайтады. Сондай-ақ шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізіліп, бірқатар құжатқа қол қойылды.

Ат басын Иордан Хашимит Корольдігіне арнайы бұрған Қасым-Жомарт Тоқаевті онда салтанатты рәсіммен қарсы алды. Жылы құшақ жайған Король II Абдалла бен әл-Хусейнмен мемлекет басшысы да жылы сәлемдесті.

Иордания – бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бейіл ел ретінде халықаралық қоғамдастық тарапынан мойындалған мемлекет. Келіссөз барысында Қ. Тоқаев II Абдалланың билік басына келгеніне ширек ғасыр толуымен құттықтап, оның

халқы мен еліне бағытталған жасампаз бастамаларының сәтті жүзеге асырылуына тілектестік білдірді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл сапарымның мақсаты - біздің қарым-қатынастарымызға, достығымыз бен сауда-экономикалық байланыстарымызға тың серпін беру. Әлемде орын алып жатқан үдерістерге қатысты көзқарасымыз бен оған беретін бағамыз ортақ деп санаймын. Сонымен қатар біз саяси деңгейдегі ынтымақтастығымызды тереңдете түсуге ниеттіміз. Біздің айқын жоспарымыз бар. Таяу болашақта нақты уағдаластықтарға қол жеткізіп, оның оң нәтижелерін көретінімізге сенімдімін.

Иордания Королі Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстарды одан әрі кеңейтуге мол мүмкіндік беретінін атап өтті.

II АБДАЛЛА БЕН ӘЛ-ХУСЕЙН, ИОРДАНИЯ КОРОЛІ:

Өзіңізді және Сіздің құрметті делегацияңызды Иорданияда қарсы алғаныма қуаныштымын. Бүгін экономикалық байланыстарды жандандыруға және жеке сектор үшін мол мүмкіндіктер ашылады. Бұл өте маңызды.

Екі елдің жан-жақты байланысы нығайып келеді. Кездесуде мәдени-гуманитарлық ықпалдастығын кеңейту мәселелеріне айрықша мән берілді. Осы күні Қазақстанда 300-ге жуық Иордания азаматы медицина бойынша білім алып жатыр. Ал саудадағы алыс-беріс былтыр 11 ай ішінде 4,2 пайызға өсіп, 6 млн долларға жетті. Тараптар негізгі секторлардағы өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективасын егжей-тегжейлі талқылады. Сонымен қатар мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты. Кездесу соңында Президент Иордания Королін Қазақстанға сапармен келуге шақырды.