Елде ұшқыш жетіспейді. Қазір әуе кемесін 1500 маман тізгіндесе, оның 400-і – шетелдік. Оған себеп - азаматтық авиация академиясының халықаралық сертификатының болмауы. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айттылды. Кадр тапшылығы қалай және қашан шешіледі? Авиация саласын нендей өзгеріс күтіп тұр? Мөлдір Жақан жалғастырады.
МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Үкімет отырысына отандық әуе компания өкілдері мен әуежай басшылары қатысты. Жеткен жетістіктері мен атқарылған шаралар жөнінде әрқайсы барын салып, есеп берді. Сөздеріне қарасаң, шынымен-ақ жағдай керемет сияқты. Алайда салада шешімін таппаған мәселелер де аз емес.
Ұшақтың жыры бітер емес. Рейстердің себепсіз кешігуі жұртты әбден шаршатты. Бұл әуе компаниялары мен әуежайлардың арасындағы жүйесіз жұмыстың кесірінен туындайтын мәселе. Былтыр тұрғындарды жолдан қалдырғанымен қоймай, уақтылы ас-су, қонақүй ұсынбаған авикаомпаниялар жалпы сомасы 40 млн теңгеге жуық айыппұл арқалады. Алпауыт компаниялар бұл соманы шыбын шаққан құрлы көрмегені айдан анық. Бұдан бөлек елде әуе апаттарын тергеу ісі де жолға қойылмаған.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Халықаралық тәжірибеге сәйкес, әуе апатын тергеу және оған жол бермеу шараларын қабылдауды жеке ведомство жүзеге асырады. Алайда министрлік заңнамаға қажетті түзетулер енгізуді ұзаққа созып жіберді. Жұмысты жеделдетуді тапсырамын. Бұл қызмет биылдан қалмай іске қосылуы тиіс.
Өткен жылы Ақтау маңында болған ұшақ апаты билік басындағыларға айтарлықтай ой салған көрінеді. Оқыс оқиғадан соң елдегі 6 әуежайдың техникалық жай-күйі тексерілді.
КАТАЛИН РАДУ, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ АВИАЦИЯ ӘКІМШІЛІГІ» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Air Astana, SCAT, Qazaq Air, FlyArystan алты тұрақты әуетасымалдаушының 71 азаматтық әуе кемесіне перрондық тексеру жүргізілді. Ұшқыштардың дайындығы мен ұшу алдындағы бақылауына талдау жасалды. Қазақстан ұшу қауіпсіздігі деңгейі - 82%.
Жақында Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында өңірлік шағын авиацияға арналған жаңа әуежайлардың құрылысы басталады. Ал былтыр Алматы, Шымкент және Қызылордадағы жолаушылар терминалдары жаңғыртылды. Бірақ қыруар инвестиция тартылған терминалдарға халықтың көңілі толмайды.
БЛИЦ-ОПРОС:
- Көп салыстырулар келтірдім. Әлдеқайда жақсырақ салуға болар еді.
- Парковка кішкене ыңғайсыздау. Кірген кезде орын таппай қаласың.
- Үлкенірек қылып салғанда жақсы болар еді. Себебі көп адам жүреді. Орындар өте аз.
Алматыдағы су жаңа терминалдың кемшіл тұстары барын әуежайдың президенті де мойындап отыр.
ГӨКЕР КӨСЕ, «АЛМАТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫ» АҚ ПРЕЗИДЕНТІ :
Тіркеуді күтіп отырған жолаушылар үшін орын жетіспейтіні рас. Оны мойындаймыз. Сол себепті Испаниядан қосымша жаңа орындықтарға тапсырыс бердік. Жақында елге жеткізіледі.
Бүгінде Қазақстан арқылы өтетін жүк транзитінің көлемі біршама ұлғайды. Бірақ елде әлі күнге дейін жүк тасымалдаушы әуе компаниясы жоқ.
ТАЛҒАТ ЛАСТАЕВ, ҚР КӨЛІК ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Жүк тасымалдаушы әуе компаниясының сәтті жұмыс істеуі үшін жүк көлемі жеткілікті болуы қажет. Қазіргі геосаяси жағдайларға байланысты рейстердің бір бөлігі Қазақстан арқылы өтеді, алғышарттар қалыптасты. Үкімет басшысы жұмысты жеделдетуді тапсырды.
МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Елде ішкі әуе тасымалын алты авиакомпания 56 бағыт бойынша жүзеге асырады. Былтыр 15 млн-ға жуық жолаушыны тасымалдаған. Қазір әуе кемелерінің паркінде 104 ұшақ бар, жыл соңына дейін тағы 14-і пайдалануға беріледі. Ал ұшқыштарға келер болсақ, азаматтық авиация академиясы биыл Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің сертификатын алуды жоспарлап отыр. "Бұл кадр даярлау сапасын арттырып, шетелдік мамандарға тәуелділікті азайтады" дейді жауаптылар.