Қостанайда интернет алаяқтыққа қатысы бар шетелдік тұтқындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қостанай облысында полиция қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен және облыстық прокуратурамен бірлесе отырып, сим бокстардың заңсыз қызметінің жолын кесу бойынша арнайы операция өткізді. Рудный қаласында жүргізілген жедел іс-шаралар барысында көрші мемлекеттің азаматы ұсталды. Тексеріс нәтижесінде оның Қазақстанға алаяқтық әрекеттер жасау мақсатында арнайы келгені анықталған.
Жедел уәкілдер күдіктінің жалға алған пәтерін тінту барысында қылмыстық әрекеттерді жүзеге асыруға арналған құрал-жабдықтарды тапты. Оның ішінде виртуалды абоненттік нөмірлерді тіркеуге пайдаланылған SIM бокс құрылғысы, интернет маршрутизатор, екі IMEI коды бар ұялы телефон, қазақстандық ұялы операторлардың 1200-ден аса SIM картасы, сегіз банк картасы және авиабилеттер тәркіленді.
"Күдікті SIM боксты басқару үшін Telegram мессенджері арқылы белгісіз "кураторлардан" нұсқаулар алып отырғаны анықталды. Ол осы әрекеттері үшін күн сайын 200 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алған", - деп жазылған хабарламада.
Қазір бұл дерек бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Ұсталған азамат Рудный қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Оның кінәсі дәлелденсе, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.