$502.47 €525.83 ₽5.68
×

Уақыт белдеуінің өзгеруі: ШҚО-дағы аудан тұрғындары жұмыс кестесін өзгертіп алды

AstanaTV
20.02.2025ж. 12:49
118
Уақыт белдеуінің өзгеруі: ШҚО-дағы аудан тұрғындары жұмыс кестесін өзгертіп алды
Фото: Ulysmedia.kz коллажы

Қатон-Қарағай ауданында мемлекеттік мекемелер мен әлеуметтік ұйымдардың жұмыс кестесі өзгерді. Аудан әкімдігі тұрғындардың ұсынысын қолдап, өзгерісті пилоттық режимде енгізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

2025 жылдың 5 қаңтарынан бастап Катонқарағай ауданында мемлекеттік және әлеуметтік мекемелердің жұмыс күні бір сағатқа ерте басталады. Енді жұмыс уақыты таңғы сағат 08:00-де басталып, кешкі 17:30-да аяқталады. Түскі үзіліс 12:00-ден 13:30-ға дейін созылады. Бұл жаңа кестеге ауданның 40 ұйымы қазірдің өзінде көшкен.

- Бұл өзгеріс еңбек өнімділігін арттырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді, деп атап өтті Қатон-Қарағай ауданының ішкі саясат бөлімі.

Жаңа бастама пилоттық жоба ретінде қолға алынғандықтан, оның тиімділігі уақыт өте келе бағаланбақ. Егер оң нәтижесін берсе, мұндай жұмыс тәртібі тұрақты форматта жалғасуы мүмкін.

Қазақстан былтыр 1 наурыздан бастап жаңа уақыт белдеуіне көшіп, бүкіл елде уақыт теңестірілді. Алайда бұл барлық тұрғынға бірдей қолайлы болмай шықты. Қазақстандықтар тіпті уақытты кері қайтару туралы петиция жариялап, оған қысқа уақытта 50 мың қол жиналған. Мәжілістің бір топ депутаты да жаңа уақыт белдеуіне қарсы пікір білдірген. Бірақ үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне өтудің дұрыстығын қайталаудан танбай келеді. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің мәліметінше, қолданыстағы UTC + 5 сағаттық белдеуі Қазақстан аумағының көп бөлігіндегі табиғи күн циклдеріне сәйкес келеді.