$502.89 €527.03 ₽5.71
×

Ақтөбе облысында 23 оқушы қытайлық тәттіден уланып ауруханаға түсті

20.02.2025ж. 20:00
133
Ақтөбе облысында 23 оқушы қытайлық тәттіден уланып ауруханаға түсті

Ақтөбе облысында 23 бала уланып қалды. 4 сынып оқушылары қытайлық тәтті жеген көрінеді. Кептірілген шаян таяқшасынан дәм татқан жеті жеткіншектің жағдайы күрт нашарлаған, қалған он алты бала оның жағымсыз иісінен көздері жасаурап, қышына бастапты. Олар мектептен ауруханаға жеткізілген.

Төртінші сынып оқушысы мектепке бара жатып жолда, дүкеннен кептірілген шаян таяқшаларын сатып алған. Мектепке барып, бірінші сабақтан кейін өзі жеп, басқа сыныптастарына ауыз тиюге берген. Жеті оқушы бірден өздерін жайсыз сезіне бастапты. Ал қалған оқушылар оның иісінен секем алған. Сыныптағы 23 баланың барлығы жедел-жәрдеммен ауруханаға жеткізілген.

ӘЛИЯ ПЕРНЕБАЕВА, ҚОБДА АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Балаларда жүрек айнуы болған. Қолдарына бөртпе шыққан. Бір екі баланың көздері жасаураған. Сол бебепті жедел түрде уланудың алдын алу үшін сыныптағы оқушыларға тексеру жүргізілді. Бастапқы диагноз «Тағамдық улану», Баканализ таза шығуына байланысты «иіс арқылы улану» нақты диагноз қойып отырмыз.

Қазір балалардың жағдайы жақсы дейді дәрігерлер. Бүгін үйге емханалық бақылауға жіберіледі. Ал күдікті тағам зертханалық сараптамаға жолданды.

ЕВГЕНИЯ ВАГНЕР, АТА-АНА:

Менің қызым мектеп бара жатып осы қытайлық өнімді дүкеннен сатып алған. Сосын ашып, екі штугын жеген. Достарына берген. Сосын барлығының жағдайы нашарлай бастапты. Кейбіріның қызуы көтерілген. Жүрегі айнып, бастары айналған. Оқушылар көп су ішіп бастаған. Мұғалім дереу жедел-жәрдем шақырған. Асқазандарын жуып, барлығы аман-сау. Шүкір әйтеуір.

Төртінші сынып қаңырап бос тұр. Оқушылар әзірге дәрігердің бақылауында. Сыныпқа дезинфекция жасалған.

БЕРІК ДҮЙСЕНОВ, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Сэс келді осында. Класс дезинфекция барлығы жасалды. Ата-аналарға мен кеше шақырттым. Түсіндірме жұмыстарын ата-аналармен жүргіздім. Ақшаларын ата-аналар бергенде контроль жасау керек баланы деп.

БАҚЫТ ҚАЗАНҒАПҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Төртінші сынып оқушысы тап осы дүкеннен қытайлық өнімді сатып алған. Қазіргі таңда дүкен жабық тұр. Ал осы «Балалардың тағамнан улану» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.