Бағдаршам орнатуға қатысты тендерде қателік көп. Астана қалалық әкімдігі жүргізген конкурста бір топ зерттеуші-журналист кемшіліктер анықтаған. Олар арнамызға ашық хат жолдады.
Отандық басылым өкілінің айтуынша, конкурс құжаттамасында шетелдік өндіруші компаниялар мен қондырғылардың атауы жазылған. Ал олардың өнімдерін Қазақстанда сатумен тек бір компания айналысады. Бұны, шетелдік компания растап отыр. Зерттеуші-журналистер, бұл өз кезегінде өзге компаниялардың қатысу мүмкіндігін шектеп, жолатпау үшін жасалып отыр, - дейді.
ДМИТРИЙ ОЛЕЙНИКОВ, «ТЕОРИЯ ГОСУДАРСТВЕННОЙ БЕЗОПАСНОСТИ» БАСЫЛЫМЫНЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ:
Нақты өндірушілер көрсетілген. Осыдан қарап, тек бір компания өнімдері ғана тендерге қатысу мүмкіндігін алғанын көріп отырмыз. Ол, адал бәсекелестіктің жолын қиып отыр деп ойлаймыз.
Одан бөлек, басылым ақпаратынша, қондырғылардың бағасы нарықтағыдан әлдеқайда қымбат болып көрсетілген.
ДМИТРИЙ ОЛЕЙНИКОВ, «ТЕОРИЯ ГОСУДАРСТВЕННОЙ БЕЗОПАСНОСТИ» БАСЫЛЫМЫНЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ:
Қазір, бюджетке екі есе қымбат қаражат қарастырылып отыр. Түптеп келгенде, сол қондырғылардың арзан баламасын да табуға болады. Бірақ, ондай шараларға ешкім басын қатырмаған сыңайлы. Біздің хатты мемлекеттік органдар көріп, келтірген дәлелдерімізді көрсе жақсы болар еді. Бұл тендердің күшін жойып, барлығын басынан бастау керек.
Мемлекеттік сатып алу бойынша сарапшы Әсет Рахматулла жобалық құжаттамадағы қателіктерге назар аударады. Сонымен қатар, тапсырыс беруші заң бұзушылықтар анықталса, тиісті органдарға шағым жазуға құқылы екенін айтты.
ӘСЕТ РАХМАТУЛЛА, МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ БОЙЫНША САРАПШЫ:
Жалпы, жұмыстың және тауардың толық сипаттамасы сметалық құжаттамада жазылады. Ол өз кезегінде сараптаманың қорытындысын алуы тиіс. Сол жерде де заң бұзушылықтар болуы мүмкін. Жалпы, тауар жеткізушілерге қарсы аяқтан шалу, оларға жалған талаптар қою заңмен қудаланады. Ол әкімшілік кодекстіңк 207 бабына сәйкес. Ал, мемлекеттік сатып алу туралы ережені алып қарайтын болсақ, заң бұзушылық анықтаған бойда тапсырыс беруші бірден шағым түсіруі тиіс.
Әкімдік болса, ешкімнің құқығын шектемедік, заң бұзушылық жоқ деп жауап берді.
«АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ КӨЛІК ЖӘНЕ ЖОЛ-КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ» ММ:
ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 12-бабының 4-тармағының 2-тармақшасына және Қағидалардың 121-тармағына сәйкес конкурстық құжаттамада қызмет көрсетушілер мен өнім сатушылар санын шектеуге әкеліп соғатын мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру шарттарын белгілеуге тыйым салынады. Дегенмен, күрделі жабдықты, сондай-ақ орнатылған бағдарламалық қамтамасыз етуді толықтыруға, жаңғыртуға және қайта жарақтандыруға мемлекеттік сатып алу кезінде талап қоюға рұқсат.
Сарапшылардың пікірінше, бюджеттегі қаражатты тиімсіз пайдалану осыдан басталады. Олар мемлекеттік органдар тендерлерді жиі тексеріп, ашықтығын қамтамасыз етуі керек деп отыр. Ал, бағдаршам мәселесі бойынша ашық хат барлық тиісті органдарға жіберілген. Айта кетейік, конкурс ертең аяқталады.