$510.58 €571.8 ₽6.34
×

Батыс Қазақстан облысында балық азайды. Браконьер көп, инспектор 9-ақ...

AstanaTV
10.06.2017ж. 20:00
4774
Батыс Қазақстан облысында балық азайды. Браконьер көп, инспектор 9-ақ...

Батыс Қазақстан облысында балық азайып барады. Қазір уылдырық шашу мезгіліне байланысты балық аулауға уақытша тыйым салынғанымен, тұрғындар да, саудагерлер де балықтың бұрынғыдан азайғанын айтады. Патша өкіметі кезінде, тіпті бертін келе кеңес өкіметі кезінде де Орал өңірі күллі Одаққа қызыл балығымен танылған өлке еді. Ал қазіргі Жайықтың жағдайы адам аярлық. Қуаңшылық жылдары өзен суы лайланып, тереңдігі толарсақтан келеді. Биыл су мол келсе де, балық көбейер емес. Жасанды тоғандар жасалып, балықтың алуан түрі қолдан өсірілгенімен болмай тұр. Мұның себебін мамандар түрлі факторлармен байланыстырады. Әлбетте азып-тозған экология сылтауратуға «сұранып-ақ» тұр. Бірақ... адамдардың табиғатқа өшпенділігі артып кеткендей. Өйткені бөкендерді баудай түсірген браконьерлер балыққа да ауыз салған... 

Жыл он екі ай қармағы қолынан түспейтін Талғат соңғы жылдары балықтың сиреп кеткеніне қынжылады. Қазір қала маңындағы өзендердің балығы ұсақталып кеткен. Сондықтан алысқа ұзап шығуға тура келеді.

Талғат Серікқалиұлы, әуесқой балықшы:

Осыдан он шақты жыл бұрын деп айтайық, балық кез-келген жерден түсе беретін. Соңғы жылдардың ішінде жақын жерден балық түспейтін жағдай пайда болды. Сондықтан бізге алысқа ат шалдыруға тура келеді. Тіпті қаладан 100-150, тіпті 300 шақырым жердегі адам аяғы жете бермейтін жерге барсақ қана балық түседі.

Балықтың азайғанын базардағылар да растайды. Өйткені базар сөрелері бұрынғыдай балыққа толы емес, жартылай бос тұр. Осының әсері болар, мұнда келушілер де сиреген. Ал бұдан 20 жыл бұрын жағдай мүлдем басқаша еді.

Жұмағаным Жылбаева, саудагер:

Бұрын Самараға тасыды, Ресейге. Машиналармен көп тасыды сол уақытта. Ал қазір ондай жоқ. Қазір онда мүлдем тасымайды. Қазір бізге тасиды.

Бұрын мына аквариум мен бассейнде тірі балықтар сатылатын. Адамдар қалаған балығын қой сияқты тірілей таңдап алатын. Бұл да клиент тарту үшін жасалған қадам еді. Бірақ қазір қаңырап орны ғана тұр. Балық жоқ. Ал тұрғындардың айтуынша, балықтың сапасы мен бағасы бір-біріне сай емес. Өйткені қазір балық көршілес Атырау облысынан тасылады. 500 шақырым жерден жеткен тауар бұзылмай тұрмайды. Осыны жақсы білетін тұрғындар әрине, кірпияздық танытады.

Сағынғали Сұлтанов, Орал қаласының тұрғыны:

Тазартып берсе ол балық 1000 теңге болады. Тазартылған балық 800 теңге болып, 500 теңгеге түсіріп берсе, халықтың алуға мүмкіндігі болады ғой. Бұдан бір-екі жыл бұрын 350 теңге болды, алып жүрдік. Енді қазір мынау қымбаттау, жасыратын несі бар? Сосын сапасы көңілімізді толтырмайды.

Өңірдегі балықтың азаю себебі сан алуан. Қанша маман бар - сонша пікір айтылды. Бірі экологияны кінәлайды. Ал енді бірі...

Талғат Серікқалиұлы, әуесқой балықшы:

Біз қармақпен өзімізге шақтап қана ауласақ, кейбір кезде лақтырған қармағымыздың заңсыз құрылған, қытайдың сапасыз, балықтың тұқымын тұздай құртатын ауға ілініп жатады. Бұл аудың ұзындығы біразға кетеді, соны құрып тастайды. Сол балық қорының азаюына әсер ететін факторлардың бірі деп ойлаймын.

Бал татыған бекіресімен танылған Жайықтың балығы кезінде әлемдік нарыққа шығарылды. Патшаға сый ретінде арбалап тасылатын балық Кеңес үкіметі орнағасын, күллі Одаққа таралды. Қазір бұл қарқын жоқ. Енді бұл музейде айтылар естелік болып қалды.  

Алексей Ялфимов,  «Көне Орал» музейінің қызметкері:

Бұрын балық уылдырық шашар кезде ешкім өзенге беттемейтін. Малды да басқа жерден суарып, шалдар су алуға келген келіншектерді алысқа қуатын. Бұл кезде шіркеу қоңырауы да қатты сыңғырламайтын. Өйткені балық тыныштықты сүйеді. Ал қазір мұндай жанашырлық жоқ қой.

Ал кәсіпкерлер балық шаруашылығына жан бітіру үшін мемлекеттік деңгейде қолдау керек дейді. Күрмеуі қиын бұл мәселе сонда ғана реттеледі. Бір қызығы, мал баққанға, егін салғанға арзан пайызбен жаппай берілетін, сұрауы жоқ субсидиялар су астындағы балыққа қарастырылмапты. Сондықтан балық шаруашылығы жылдар бойы сыбағасынан құр алақан қалып келді. Ал демеуақы алу үшін су астындағы балықты түгел құжаттандыру керек деген қисынсыз талап қойылыпты. Шынымен де, судағы шортан түгілі, шабақтың өзін ұстау оңай емес, деп күйінеді кәсіпкерлер. Мемлекеттік бағдарламаға сай келмегесін, үйін кепілге қойып, басқа банктерден жоғары өсіммен несие алғандары бар.

Балтабай Қажығалиев, кәсіпкер:

Субсидия беру үшін балықтарды паспорттау керек, біздің суымыз 1000 гектар. Ұзындығы 15 километр. Жіберген шабақтарымызды ұстап алудың өзі қиын болады. Ұзындығы 15 километр, ені 4-6 километрге дейін барады. Ал шағын тоғандарға субсидия алу оңай. Ал біз ұстаған балықтарымызды оларға көрсете алмаймыз.

«Бекіре-2017» операциясы кезінде 67 адамға 1 млн теңге айыппұл салынған. Заңсыз ауланған 4 тонна балық тәркіленіпті. Бірақ заңсыз балық аулағандар айыппұлмен оңай құтылып кетеді. Солқылдақ заңға инспекторлардың аздығын қосыңыз. Қазір облыс бойынша тек 9 инспектор қалған. Былтыр 26 қызметкер болатын. Ал ірілі-ұсақты өзен-көлі жүзден асатын батыс өңірі үшін бұл әлбетте, тым аз.

Зәкәрия Тұралиев, БҚО Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекция басшысының орынбасары:

220-дан астам суқойма бар, оның бәрін 9 инспектордың бақылап тұруы мүмкін емес. Қазір Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінен штатты ұлғайтуды сұрадық. Бірақ бүгінге дейін бір де бір жауап келмеді.

Қазір Оралда бекіре балығы қолдан өсіріліп жатыр. Тәжірибелік мақсатта қолға алынғанымен, енді 5-6 жылда өндірістік деңгейде өсіріледі. Бірақ табиғат мыңдаған жылдар бойы қалыптастырған жүйенің талқанын шығарған адамдардың өз қателігін түзетуі үшін әлі біраз уақыт керек.

Еркін Карин, тілші:

Оралда ең үлкен бекіре соңғы рет 1972-жылы ауланған екен. Балықтың басының өзі ғана 42 килограмм тартса, ішінен 6 шелек уылдырық шығыпты. Патша-балық атанған бекіреге оралдықтар осы оқиғадан 45 жыл өткесін қоладан ескерткіш орнатты. Мұны патша балықты сақтай алмаған адамдардың ішін өртеген өкініші ретінде қабылдауға болар...

Еркін Карин, Наурыз Халит, «Біздің Уақыт».