$502.89 €527.03 ₽5.71
×

Солтүстік Қазақстан облысындағы Бескөл ауылының тұрғындары жаңа бөгет тым төмен дейді

20.02.2025ж. 20:00
157
Солтүстік Қазақстан облысындағы Бескөл ауылының тұрғындары жаңа бөгет тым төмен дейді

Солтүстік Қазақстан облысындағы Бескөл ауылының тұрғындары жергілікті әкімдік салған бөгет тасқыннан қорған болмайды деп дабыл қағуда. Себебі, балшықтан салынған дамба тым аласа көрінеді. Осының салдарынан ауыл жұрты көктемде болатын жағдайға алаңдаулы. Былтыр бұл аймақта Есіл өзені бірнеше метрге көтеріліп, жүздеген үйді су басты. Бұқараның жанайқайына жергілікті билік не дейді? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин әңгімелейді.

Алапат су тасқыны қайтадан Бескөл жұртын үрейлендіріп отыр. Жаңадан бой көтерген дамбаға қатысты бұқараның көңілінде сенімнен қарағанда күдік басым. Қызылжар ауданын оқшаулап тұрған жаңа нысан 6 шақырымға созылған. Ал биіктігі 5 метр - мыс.

Қарлығаш ҚОНДЫБАЕВА, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Былтырғы суға мына дамьа кішкентай. Былтыр су көп болды. Өйткені, су ана терезелерге дейін келіп тұрды ғой. Егер биыл су көп болса, онда жаман былтырғыдан да жаман болады.

Тұрғындар дамбаның биіктігі жоспарлы көрсеткіштен екі есе төмен деп есептейді. Ал сапасы Петропавлда бой көтерген бөгеттен әлде-қайта нашар дейді.

Евгения САДАКЬЯНОВА, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл жер Бескөлдің ең осал тұсы. Себебі үйлер еңіс жерде орналасқан. Оған қоса дамбаның биіктігі әрі кетсе 2.5-3 метр. Су осы жерден өтіп, қайтадан бүкіл Бескөлді басуы мүмкін.

Қызылжар ауданының әкімдігі аталған бөгетті бетонмен қаптап, тағы біршама көтеруді көздеп отыр. Алайда, бұл жұмысты тек келер жазда тындырмақ. Ал алдымыздағы тасқынға бұл дамба шыдайды деп үміттенуде.

Асхат БАКЕЕВ, СҚО ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ. Неге десеңіз бұл дамба келген судан 50-60 см биік. Сондықтан наурыз сәуір айында бұл дамба судан қорғап қалады деп сеніммен айта аламын.

Жалпы, бүгінде Сергеев су қоймасы 101 пайызға толық. Бұл нысанда Есілдің деңгейі былтырғы көрсеткіштен 86 см-ге биік. Биыл жауын-шашын көлемі де қалыпты нормадан екі есе көп түскен.