Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Туған жердің табиғатынан артық не бар?! Баянауылға барыңыз!

AstanaTV
10.06.2017ж. 20:00
7961
Туған жердің табиғатынан артық не бар?! Баянауылға барыңыз!

Туған елдің тарихынан қадірлі, туған жердің табиғатынан артық не бар? Жаз мезгілі – демалыс уақыты басталды ғой – Баянауылға барыңыз! Әсемгүл Мұхитқызының репортажын көрсеңіз, жол қиындығына қарамай, сөйту керектігін түсінесіз.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Биолог-ғалымдардың тұжырымдамасында осы топырақта өсетін жабысқақ қанды қараағаш тек әлемде үш жерде ғана кездеседі. Олар – Канада, Коль жартылай аралы мен Баянауылда. Бұл жасыл желек таза, мөлдір бұлақты айнала өседі. Тағы бір қызықты ақпарат – қара қанды ағаштың тарихы диназаврлар тіршілік еткен дәуірге тиесілі.

Алтынбек Құрманов, «Баянауыл» ұлттық паркінің инспекторы, өлкетанушы:

Баянауылды айтатын болсақ, табиғаты көрікті, жері әсем, адамды өзіне баурап, тартып алатын сондай ғажайып, жұмбақ мекен. Сиқырлы мекен. Онысымен бірге Баянауылдың тарихы терең жатыр. Мысалы, бұл Баянауыл өңірінде анау 18 ғасырды алсақ, Абылай хан заманы, Тәуке хан, Есім хан заманында осы дәл сіздер мен біздер тұрған жер – «Төренің қараағашы» деп атайды. «Ханның қараағашы» дейді.

Баянның қарайған әр тасы мен жайқалған әр ағашын Алтынбек ағадан артық білетін жан жоқ шығар. 30 жылдай киелі өлкенің тарихын саралап, талай зерттеуді ақтарған ол, қаншама тың дүниенің сырын ашты. Соның бірегейі, өзінің сөзімен айтсақ – осы «Ханның қараағашы» деп аталатын аумақ. Ол жайлы ғұлама ғалым Мәшекең де жазыпты. Дерекке сүйенсек, тура осы мекен көп жылдар бойы Есім хан мен Тәуке ханның жайлауы болған. Кейін үш жүздің басып қосқан Абылай да қасиетті өңірде тұрақтаған екен.     

Алтынбек Құрманов, «Баянауыл» ұлттық паркінің инспекторы, өлкетанушы:

Абылайды Баянауыл жерінде, Сабындыкөл жағасында 1734 ж ақ киізге көтеріп, сұлтан қылып сайлаған. Сабындыкөл жағасында сайланған Абылай сұлтанды 4 жұлдызды айдай осы мекенде тұрды дейді. Мынау ағарып жатқан жер хан ордасы.Бала күннен осы жерде өстім ғой. Мынау ағаштың бауырында шөп шабатын аталарымыз. Сонда үлкен аталарымыз –әй, байқаңдар! Анау орданың орнына бармаңдар, ол жерді аяқпен баспаңдар, дәрет сындырмаңдар, ол киелі жер, қасиетті жер, бірдеңеге ұрынасыңдар деп ескертетін. Ол немене орда деген деп біз баламыз гой, ұқпайтынбыз. Бертін келе білсек, шынында да бұл тарихи құндылығы бар жер екен.

Алтынбек Құрманов, «Баянауыл» ұлттық паркінің инспекторы, өлкетанушы:

Сіздер мен біздер тұрған жердің шығысында Найза тас. Жартас тұр. Оны да бүгінгі күні тарихи атауын өзгертіп «булка» деп жүр. Ол дұрыс емес. Оны әйгілі Баянауыл елінің рубасы, белгілі Тұрсынбай би Еламанұлының атымен атайды. Тік асу, Тұрсынбайдың найзатасы дейді. Ханның қараағашының сыртында киелі Қоңырбай халфенің қызыл тасы деген жер бар. Ол Қоңырбай халфе біздің Сарыарқада, оның ішінде Баянауылда, біз рамазан айында тұрмыз ғой, сол рамазан айында тұңғыш тарауық өткізген адам екен, медресе салып.

Алтынбек Құрманов, «Баянауыл» ұлттық паркінің инспекторы, өлкетанушы:

Осыншама сұлулық, осыншама ғажап дүниені біздің халыққа ешкім сыйға берген жоқ. Ол белгілі. Бұл жерде 17-18 ғасырларда біраз уақыт қалмақтар тұрған.

Көз сүйсіндірген бұл табиғат қазақ-жоңғар шапқыншылығының куәсі. «Менмұндалаған» құздары, ну орман, қайнар бұлақтары мен кең жайлауы бабаларымызға күш-қуат берген. Баянауылдың басты байлығы, қазір брэнді десек те болады – қатпарлы тастары да елі-жері үшін жанын пида еткен батырларға қорған бола алды. Сол сұрапыл күндердің куәсі – тау бөктерінде қатарынан жатқан мына тас кесектерінен құралған тізбек. Сырт көзге ұзыннан созылып жатқан жай ғана тастар. Алайда, шын мәнінде бұл құрылымның тарих беттеріндегі мәні ерекше.

Алтынбек Құрманов, «Баянауыл» ұлттық паркінің инспекторы, өлкетанушы:

Екі қатар тас қорған. Бірінші қатарындағылар садақпен атқанда, екінші қатардағылар оқтап садағын дайындаған. Ал, бірінші қатар оқтағанда, екінші қатар атып, жауға оқты қарша боратып тұрған дейді. Көрдіңіз бе, менің бойымнан да ұзын. Тіпті, сол кездегі жоңғарлардың зеңбіректеріне төтеп берген.

Әсемгүл Мұхитқызы,  тілші:

Мемлекеттік табиғи ұлттық парктің көркем жерлерінің бірі – Жасыбай көлі. Көлге барар жолда бұқараны Баянауыл жұртшылығына ғана емес, барша халыққа танымал серпантин қарсы алады. Дәл осы жерден табиғаттың керемет көрінісін тамашалауға мүмкіндік бар.

Жасыбай – табиғаты көркем, тұйық көл. Тауаралық ойыста орналасқан оның жағалауы биік жартасты. Түбі тегіс, суы тұщы, мөп-мөлдір. Қариялардың айтуынша, көл суы тері ауруларына дауа. Жасыбай – белгілі демалыс аумағы. Бүгінде мұнда 60-қа жуық қонақүй, көптеген мейрамхана мен дәмхана жұмыс істейді. Жылдан жылға демалушылар саны артып келеді. Әкімдіктің ақпарынша, былтыр 150 мың адам келіп-кеткен. Сондықтан, билік көлік бағытымен қатар, әуе қатынасын жолға қоюды көздеп отыр.

Оразгелді Қайыргелдинов,  Баянауыл ауданының әкімі:

Адамды көп шаршататын жол ғой, келетін. Оның ұзақтығы. Әрине, әуе жолымен келсе, 2-3 сағатта ұшып келеді. Демалады 3-4 күн. Ұшып кетеді, таңертең жұмыста отырады дегендей.

Жергілікті биліктің жоспарынша, шаруа жарты айдың ішінде шешімін табуы тиіс. Бүгінде әкімдік әуе компаниялармен келісім жұмыстарын жүргізіп бастапты. Оразгелді Қайыргелдиновтың сөзінше, болашақта аумақта заманауи жабдықталған әуежай да салынуы ықтимал. Лайым солай болсыншы. Әйтпесе, бұл жаққа көлікпен келіп-кетуден қиын дүние жоқ. Қалқаман-Баянауыл арасындағы тас жолдың аты бар да, заты жоқ деуге болады.

Оразгелді Қайыргелдинов, Баянауыл ауданының әкімі:

Биыл Қалқаман мен Баянауыл ортасындағы жолға 1 млрд 300 млн теңгеге ағымдық жөндеу жұмыстары жасайды. Ол жылда беріліп жатқан қаржы емес. Бірақ биыл берілді.

Баянауылға келген туристер бірнеше түйткілге тап болады. Біріншісі - ұялы байланыстың нашарлығы. Байқағанымыздай, аудан орталығынан басқа жерлерде бірде бір ұялы байланыс дұрыс ұстамайды. Одан кейінгі мәселе – ақша айырбастау пункті. Ауылды аралап шықсақ та, мұндай мекемені таппадық. Бұл шетелдіктер үшін маңызды. Үшіншісі – карточкалық жүйе. Орталықта жұмыс істейтін жалғыз банкомат бар. Оның өзі түнде сөніп тұрады,-дейді жолаушылар. Осының бәрі, сайып келгенде, қасиетті мекендегі демалысқа кірбің келтірері анық.

Әсемгүл Мұхитқызы,  тілші:

Жер жаннаты Баянауылға келетін әрбір туристтің бірінші тоқтайтын нысаны – осы бұлақ. Сарыадыр деп аталатын бұл қайнардың суы біріншіден мұнтаздай таза, екіншіден денсаулыққа өте шипалы дейді, мұндағы тұрғындар. Алыс жолдан шаршап келген жолаушылар бұл жерде бір тынығып, шөлін қандырып, демалып алады.

Баянауылдағы демалыс маусымы әлі ашылған жоқ. Дегенмен, бала-шағасын жетектеп келіп жатқандардың қарасы қалың. Сарыадыр бұлағында аялдап тұрғанымызда, қарағандылық бір топ жолаушыны кездестірдік. Екі отбасының мүшелері ғажайып мекеннің табиғатын тамашалауға әдейі келгенін айтты.

Гүлсім Жайкина,  Қарағанды қаласының тұрғыны:

Өте керемет жер, Қазақстанның алтын қазынасы ғой, Баянауыл. Әркімнің аузында жүрген мекен. Бірақ келетін жолдың жағдайы өте нашар. Сұмдық. Сондықтан, билік алдымен осы жол мәселесін шешсе екен деп тілейміз. Жолдан қанша шаршасақ та, жаз болса осы жаққа тартамыз. Демаламыз. Балаларға тарихи орындарды көрсетуге тырысамыз.

Киелі Баянауыл өлкесінде туристік кластер құру жоспарланған. Елдің аузында жүргені жалғыз Жасыбай көлі ғана. Алайда, бұл жақта адамның аяғы баспаған жұмбақ мекендер қаншама! Сабындыкөл, Торайғыр, Біржанкөлді алыңыз. Табиғатының сұлулығы Жасыбайдан аспаса, кем түспейді. Қызылтау қорығы жайлы да ақпарат аз,-дейді өлкетанушы ағамыз. Ондағы өсімдіктердің 240 түрі медициналық салада пайдаланылады екен. Сондықтан, қасиетті мекен жайлы білгенімізден, білмегеніміз жетерлік,-дейді Алтынбек Құрманов.

Алтынбек Құрманов, «Баянауыл» ұлттық паркінің инспекторы, өлкетанушы:

Бұл жердің бәрінде өзіндік тарихы бар. Олардың бәрін айтып жеткізу бүгінгі ұрпаққа, біздің міндетіміз. Ол неліктен? Өйткені, елін, жерін білу басты парыз, келер ұрпақ өз жерінде өгей бала болмауы керек. Бұл қазаққа ортақ жер. 

Әсемгүл Мұхитқызы, Нұрлан Әлмұхамбетов «Біздің уақыт».