Астана қаласының есірткіге қарсы күрес қызметі өте ірі көлемде есірткі сақтаған адам мен оның сыбайласын ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Полицияның мәліметіне сүйенсек, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел шара өткізе отырып, бұрын есірткі қылмысы үшін сотталған қала тұрғынын ұстаған. Оның үйінен 1,5 келі гашиш есірткі мен 5 миллион теңгеге жуық ақша тәркіленген. Осы тізбек бойынша оның сыбайласын тапқан полиция 67 келіден астам есірткіні тауып алған.
«Осы адамды ұстағаннан кейін келесі күні жедел уәкілдер есірткіні оңтүстік өңірлерден әкеліп, әрі қарай таратумен айналысқан көтерме саудагерді анықтап, ұстады. Оның тұрғылықты жерін тінту кезінде екі пластик бөшке табылып, олардың ішінен шамамен 45 пакет тәркіленді. Тәркіленген гашиш есірткі затының жалпы салмағы 67 келіден асты», - деп хабарлайды полиция.