$502.47 €525.83 ₽5.68
×

Алматыда жалған жиһаз жасаушы ұсталды

AstanaTV
21.02.2025ж. 19:32
79
Алматыда жалған жиһаз жасаушы ұсталды

Алматыда жалған жиһаз жасаушы ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласында халықты алдап, жиһаз жасаймын деген желеумен ақша тапқан алаяқ ұсталды. "Anti Fraud" жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері 40 жастағы ер адамның қулығын әшкереледі. Ол өз қызметін нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен ұсынып, тапсырысты қысқа мерзімде орындайтынын айтып, тұрғындардың сеніміне кірген. Алайда уәде етілген жиһаз жасалмай, клиенттердің ақшасы да қайтарылмаған.

— Қазіргі таңда оның кемінде 8 адамды алдағаны анықталды. Жалпы шығын көлемі шамамен 5 миллион теңгені құрайды. Дегенмен жәбірленушілер саны бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені кейбір азаматтар түрлі себептермен полицияға арызданбаған болуы ықтимал. Қалай болғанда да аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ұсталған азамат қамауға алынды. Айта кету керек, ол құрбандарын негізінен интернет арқылы тапқан, — дейді Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Ілияс Өмірсеріков.

Алматы қалалық полиция департаменті азаматтарды сақ болуға, тауар немесе қызмет үшін алдын ала төлем жасаудан бұрын, сатушының сенімділігіне көз жеткізуге шақырады. Егер сіз осындай алаяқтық әрекеттердің құрбаны болсаңыз, дереу полицияға хабарласыңыз.