Белгілі кәсіпкер, миллиардер Илон Маск Марсқа ұшуға шақырды. Ол АҚШ-тың халықаралық ғарыш станциясы бағдарламасынан шығу туралы жоспарын жариялады. Халықаралық ғарыш станциясы 1998 жылдан бері орбитада жатыр. Оның жұмысына әлемнің 14 мемлекеті қатысады. Айтпақшы, жақында ғана Илон Маск Grok-3 нейрожүйесін таныстырған болатын. 2026 жылдың күзінде SpaceX дәл осы жасанды интеллекті мен автономды роботтарды Марсқа жіберуге ниетті.
ИЛОН МАСК, АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ ТИІМДІЛІГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
Халықаралық ғарыш станциясын орбитадан шығаруға дайындықты бастау уақыты келді. Ол өз міндетін орындады. Енді бұдан келетін пайда өте аз. Одан да Марсқа ұшайық!
Илон Маск Марсты бағындырып жүргенде, Еуропа елдері экономикалық дағдарыспен күресіп әлек. Тығырыққа тірелген мемлекеттердің басшылары әлеуметтік төлемдерді қысқартып, салықтың мөлшерін көбейтуде. Бельгия билігі де бюджеттік шығындарды азайтпақ. Сондай-ақ әлеуметтің әлжуаз топтарын қолдауды бәсеңдетіп, масылдармен күресті күшейтпек. Екі апта бұрын іске кіріскен жаңа үкіметтің саясатына қарсы жұрт жаппай ереуілге шықты. Жағдайдың мүшкіл болғаны соншалық, зейнетақы төлеуге қаражат жетіспейтін көрінеді. Сондықтан билік басындағылар 2030 жылға қарай зейнетке шығу жасын 67-ге дейін ұзартуды жоспарлап отыр.
МАРГАРИТА ИЛЬБУДО, ҚАРТТАР ҮЙІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Қарттар үйінде жағдай онсыз да мәз емес. Қызметкерлер жетіспейді. Қарттар тарапынан шағым көп. Егер бюджет қысқаратын болса, мәселе ушыға түседі.
Билік өкілдеріне Бельгия халқы ғана наразы емес. Бәзбіреулер Грузияның экс-президенті Саломе Зурабишвилиге жұмыртқа лақтырған.
Оқиға былай болды. Саломе Зурабишвилидің Мюнхен қаласынан Тбилисиге оралған сәті. Алаңсыз әуежайдан шыға бергенде тұрғындар оның үстіне жұмыртқаларды бірінен соң бірін атқылай бастайды. Күзетшілері жәбірленушіні қорғап үлгермеді. Белгісіз белсенділердің бұл әрекеті экс-президенттің ашуын келтірді. Ол бірден полицияға арыз берген.