Жыл сайын 20 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелсе, оның 80%-ы ашылмайды. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Аманат» партиясы «Цифрлық қоғам» атты ауқымды жобаның тұсауын кесті. Ол – халықтың цифрлық сауаттылығын арттырып, киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Партия өкілдерінің айтуынша, бұл барлық жастағы азаматтарды алаяқтардан қорғауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, еріктілер тобы да құрылмақ. Жоба авторы, Парламент Мәжілісінің депутаты – Екатерина Смышляеваның айтуынша, бұл тек бастамасы. Жуырда «Цифрлық кодекс» пен «Жасанды интеллект» туралы заң жобасы әзірленеді.
ЕКАТЕРИНА СМЫШЛЯЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Бұл жобаның басты ерекшелігі – заманауи бағыттарды қамтиды. Қазір біз пилоттық жоба ретінде іске қосудамыз. Артынша, оның қалай жұмыс істегенін сараптап, қорытындысын шығарамыз. Бірінші кезекте, ата-аналармен жұмыс күшейеді. Одан бөлек, жастарды цифрлық ерікті болуға тартып, оларды оқытамыз. Олар, артынша, алған білімін ары қарай таратады. Жақын арада «Контент фабрикасы» іске қосылады.
Жобаның ашылу салтанатына қатысқан IT саласындағы белді сарапшылар жаңа жобаның пайдалы болатынына сенім білдіріп, жоғары баға берді. Себебі, «Цифрлық кеңістік» алаяқтардың барлық айлаларына тосқауыл қоюды қарастырған. Басты мақсат – алаяқтар халық қалтасына қол сұға алмайтындай жағдай жасау, - дейді мамандар.
ҰЛЫҚБЕК ШАМБҰЛОВ , «МЕМЛЕКЕТТІК ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Азаматтарға біз ақпарат жағынан көмектесеміз. Ол жаңағы схемалардың түбін ашып береміз. «Қазір осындай шабуылдар түрі болып жатыр, оған алданып қалмаңыз», - деген секілді. Схемалар ауыса береді. Бірақ, ең маңыздысы – Үкіметке сену керек. Банктен, солардың кінәсінен ақша ұрлап кетсе,еш алаңдамау керек.