Қазақстанның Еңбек ері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның құрметті жазушысы, көрнекті жазушы-драматург Дулат Исабеков 82 жасында дүниеден озды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қаралы хабармен Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов Facebook-тегі парақшасында бөлісті.
"Қайран, Дулат ағам-ай, мынау жарық дүниеден Сіздің де кеткеніңіз бе? Осы қазір ғана, 10-15 минут бұрын Естияр Дулатұлы інішегім маған осынау алапат қайғылы хабарды жылап тұрып жеткізді. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Әбдешұлына, қалабасының төңірегіндегі жігіттерге, басқа да ел ағаларына қаралы хабарды жеткіздім. Қазір өзім ағамның үйіне қарай кетіп бара жатырмын... Иә, Қазақстанның Еңбек Ері, қазақ әдебиетінің классигі, жазушы-драматург Дулат Исабеков өмірден өтті. Қазақ халқына қатты қайғырып көңіл айтамын", делінген жазбада.
Дулат Исабеков 1942 жылы 20 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданы "Ленин жолы" ауылында туған. 1963 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Қызметінің әр жылдары қазақ теледидарының бас редакторы, "Жазушы" баспасының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, 1997 жылдан Мәдениеттану ғылыми институтының директоры, республикалық мәдени-сараптамалық "Мәдениет" журналының бас редакторы сынды лауазымды қызметтерді атқарған. Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның профессоры.
"Ақырамаштан наурызға дейiн", "Ескерткiш", "Социализм зәулiмi", "Конфронтация", "Талахан-186", "Бонапарттың үйленуi", "Ай-Петри ақиқаты", "Кемпiрлер", "Шалдар", "Тыныштық күзетшiсi" секілді шығармалары әр жылдары жарық көрдi.
Жекелеген повестерi мен әңгiмелерi немiс, чех, венгр, болгар, қытай, түрiк, өзбек және ағылшын тiлдерiне аударылып, шет ел оқырмандарына да кеңінен таңылды. Жазушының шығармалары бойынша "Гауһар тас" (1975), "Дермене" (1994), "Тауқымет" ("Тiршiлiк" повесi бойынша, 1998), "Лоторея" ("Ержеткенше" повесі бойынша, 2013), "Балуан Шолақ" ("Жаужүрек" пьесасы бойынша, 2019) атты көркем фильмдер мен "Әпке" атты пьесасының негізінде телесериал түсірілген.
Қазақ сахнасы тарихында өзіндік орны бар 26-ға жуық пьесаның авторы. "Әпке", "Ертеңдi күту", "Мұрагерлер", "Кiшкентай ауыл", "Ескi үйдегi екi кездесу", "Тор", "Актриса", "Аққу-Жiбек", "Әншi құстар фестивалi", "Мұңлық- Зарлық" атты пьесалары республика сахналарынан ұзақ жылдар бойы түспей келе жатыр. Санкт-Петербург, Омск, Лондон қалалары мен Болгария, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан, Башқұртстан сияқты алыс-жақын мемлекеттердің сахналарында жиі қойылып жүр. 2012 жылы жазушының 70 жасқа толған мерейтойына орай өткен "Исабеков әлемі" атты халықаралық театр фестиваліне алты отандық, алты шетел театрлары қатысты.
2018 жылы "Қарғын" романы француз тіліне, "Ержеткенше" повесі БҰҰ-ның 6 тіліне аударылып, "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қорының қолдауымен жарық көрді.