Маңғыстау облысында екі мектеп оқушысы жолға жүгіріп шығып, оларды автобус қағып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Lada.kz редакциясына оқырман автобустың балаларды қаққан сәті түсірілген видео жіберген. Басылым тілшісі мән-жайды анықтау үшін полицияға жүгінді.
Ресми ақпаратқа сәйкес, қоғамдық көлік жүргізушісі бағдаршамның жасыл түсіне қозғалған. Ал оқушылар жол қозғалысы ережелерін сақтамай, жолға жүгіріп шыққан.
Зардап шеккен екі бала аман қалды. Бір оқушының аяғы сынған, оған медициналық көмек көрсетілген соң үйіне жіберілді. Екіншісінің оң қолы сынған, ол қазір Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының жарақат бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Автобус жүргізушісіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабы бойынша хаттама толтырылды.