$502.47 €525.83 ₽5.68
×

18 адам зардап шекті: тендер арқылы табыс табуды үйрететін коуч сот алдында жауап берді

AstanaTV
22.02.2025ж. 15:19
117
18 адам зардап шекті: тендер арқылы табыс табуды үйрететін коуч сот алдында жауап берді
Фото: © istockphoto.com

Талдықорғанда мемлекеттік сатып алулар арқылы оңай табыс табуға үйретемін деп уәде берген коуч сот алдында жауап берді. Сот жәбірленушілердің пайдасына шешім шығарып, заң бұзған кәсіпкерге қатысты тиісті шара қолданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Қазақстандықтар коучтың тендер арқылы миллиондаған пайда табуға болатынын айтып, курсқа шақырғанына сеніп қалған. Талдықорған тұрғыны Жұлдыз Идрисова аталған курсқа жазылып, оның сапасыз екенін түсінген соң, тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне шағымданды.

Тексеру барысында Жетісу облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті коучтың ресми келісімшарттар жасаспағанын, төлем қабылдаған кезде кассалық чек бермегенін анықтады. Бұл – салық заңнамасын бұзу.

Коуч уәде еткен бір айлық курстар небәрі 3-4 сабақпен аяқталған, ал кейін «жеке жағдайларын» сылтау етіп, оқытуды тоқтатқан. Бұл Қазақстан Республикасының «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңының 13-бабын бұзу саналады. Оқудан кейін қатысушылар не біліктілік алмай, не ақшаларын қайтара алмай қалған. Кейбір жәбірленушілер несие алып, тендер арқылы тез өтеп аламыз деген сенімде болған.

Тұтынушылар құқығын қорғау департаменті алданған азаматтарға заңгерлік көмек көрсетіп, коучқа ресми талап-арыз жолдаған. 10 күн ішінде жауап бермегендіктен, кәсіпкерге қатысты жоспардан тыс тексеру басталды.

Тексеру кезінде 18 адамның зардап шеккені, ал курсқа қатысушылар Жетісу, Алматы, Қостанай облыстары мен Астана қаласынан болғаны анықталды. Жалпы шығын сомасы 6 593 000 теңгені құрады.

Талдықорған соты жәбірленушілердің мүддесін қорғау мақсатында коучқа қатысты азаматтық талап-арызды толық қанағаттандырды. Сот процесі кезінде коуч кейбір қатысушыларға ақшаларын қайтаруға тырысқан:

3 адамға толық көлемде – 850 000 теңгеден қайтарды;

2 адамға жартылай – 450 000 теңгеден төледі.

Алайда сот қалған жәбірленушілердің де толық өтемақы алуын міндеттеді.

Сот отырысында коучтың бұған дейін мемлекеттік тендер жеңіп алып, қаладағы бір мектептің жөндеу жұмыстарын атқармай кеткені анықталды. Бұл жағдай әлеуметтік желіде резонанс тудырғаннан кейін ғана, ол қарызын өтеген.