Бүгін футболдан Қазақстан суперкубогында алматылық «Қайрат» елордада «Ақтөбеден» басым түсіп, суперкубок иегері атанды.
Былтыр алматылық клуб ел чемпионы атанса, ақтөбелік команда Қазақстан кубогына қол жеткізді. Екі команда суперкубокта алғаш рет кездесті.
Ойынның алғашқы минутында ақтөбелік команда тізгінді өз қолында ұстауға тырысты. Одан кейін «Қайрат» та қарсы шабуылға шықты. Кейбір сәттерде гол соғатын мүмкіндігін мүлт жіберіп алып жатты.
Екінші кезеңде ойын тізгінін «Қайрат» өз қолында ұстауға тырысты. Нәтижесінде олардың қатарынан 58-минутта Элдер Сантана гол соғып кетті.
Ал 62-минутта алматылық клубтан Еркін Тапалов қызыл қағаз алып, алаңнан қуылып кетті.
Ойынның 70-минутында «Қайраттың» жас жұлдызы Дастан Сәтпаев алаңға шықты. Кездесу барысында әдемі ойын өрнегімен жанкүйерлер ризашылығына бөленді.
Ал 86-минутта алматылық ұжымнан Валерий Громыко қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша «Қайрат» қарсыласын 2:0 есебімен жеңіп, суперкубокқа ие болды.
Қазірге дейін «Ақтөбе» 2008, 2010, 2014 жылдары үш мәрте суперкубокты төбесіне көтерсе, «Қайрат» 2016, 2017 жылдарда екі мәрте жеңімпаз атанды.
Ақтөбелік клуб өзі қатысқан суперкубоктың барлығында жеңсе, алматылық команда 2015, 2018, 2019, 2022 жылдары қарсыластарына есе жіберіп қойды
Сондай-ақ суперкубокке барлығы төрт команда қол жеткізді. Олардың қатарында «Астана» - 6, «Тобыл» - 2, «Шахтер», «Ордабасы» мен «Елімай» - 1 мәртеден еншіледі.
Биыл ел біріншілігінің алғашқы туры 1-2 наурыз күндері өтеді. Доп додасына барлығы 14 команда қатысады. Олардың қатарында «Қайрат» (Алматы), «Астана», «Ақтөбе», «Ордабасы» (Шымкент), «Тобыл» (Қостанай), «Елімай» (Семей), «Атырау», «Қайсар» (Қызылорда), «Қызылжар» (Петропавл), «Жеңіс» (Астана), «Жетісу» (Талдықорған), «Оқжетпес» (Көкшетау), «Ұлытау» (Жезқазған) командалары бар.
Алғашқы турда «Қызылжар» мен «Жетісу», «Астана» мен «Қайрат», «Ордабасы» мен «Ақтөбе», «Тұран» мен «Оқжетпес», «Атырау» мен «Елімай», «Қайсар» мен «Жеңіс», «Тобыл» мен «Ұлытау» кездеседі. Соңғы тур ойындары 26 қазанға белгіленген.
Бұл туралы kaz.inform.kz хабарлайды.