Семейде көпір салушылар сорғы станциясының электр желілерін үзіп, оң жағалауды сусыз қалдырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бүгін сағат 03.00 шамасында «Смычка-1» су қабылдағышында апат болды. Көпірді салумен айналысатын мердігер компания негізгі және қосымша электрмен жабдықтау желілеріне зақым келтірген. Соның салдарынан су қабылдайтын сорғы станциялары толық істен шығып, қаланың «Затон» деп аталатын ауданын қоспағанда, оң жағалау халқы түгел сусыз қалды.
«Семей водоканал» МКК ақпараты бойынша, кәсіпорынның апаттық бригадасы «ОЭСК» АҚ бригадасымен бірлесіп түні бойы жұмыс істеп, таңғы сағат 7.45-те су қабылдағышқа электр қуатын берді. Қазір резервуарлар толтырылып жатыр, бірақ суды тұтынушылар көп болуы себепті процесс баяу жүруде. Әзірге Қарағайлы ықшам ауданы мен РСУ ауданының тұрғындары сусыз отыр. Барлығы 54 көппәтерлі және 355 жеке тұрғын үй, сондай-ақ бір денсаулық сақтау нысанына тіршілік көзі жеткен жоқ.
Сонымен қатар бүгін Би Боранбай 45 мекен жайында су құбыры жарылып, сағат 14.30-дан бастап бірқатар аудандарда су тоқтатылды.