Bybit криптовалюта биржасы хакерлер ұрлаған 1,5 млрд долларды қайтаруға көмектесу үшін киберқауіпсіздік саласындағы «ең ақылдарға» жүгінді. Бұл тарихтағы ең ірі цифрлық ұрлық деп болжанып отыр, деп хабарлайды The Guardian-ге сілтеме жасап KAZINFORM.
Bybit-тің хабарлауынша, шабуылдаушы биткоиннен кейін ең танымал цифрлық валюталардың бірі Ethereum әмиянына бақылауды қолға алған және ақшаны белгісіз мекенжайға аударған.
Криптобиржа клиенттерді криптовалюталарының қауіпсіз екеніне сендіруге асықты. Биржаның бас директоры Бен Чжоу әлеуметтік желіде Bybit ұрланған қаражатты қайтару мүмкін болмаса да, барлық зардап шеккендерге өтемақы төлейтінін мәлімдеді.
- Bybit бұл шығын қалпына келтірілмесе де, төлем жасауға қабілетті болып қалады. Клиенттердің барлық активі 1:1 қамтамасыз етілген, біз шығындарды өтей аламыз, - деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.
Бүкіл әлем бойынша 60 млн-нан астам пайдаланушысы бар Bybit оны бұзу туралы жаңалықтар ақшаны қайтарып алу туралы сұраулардың күрт өсуіне себеп болғанын атап өтті.
Чжоудың айтуынша, компания ақшаны шешіп алу туралы 350 мыңнан астам өтінім алған. Бұл транзакцияларды өңдеудің кешігуіне әкелуі мүмкін.
Bybit-тің түсіндіруінше, шабуыл компания Ethereum-ды «салқын» әмияннан «ыстық» әмиянға жоспарлы көшіру кезінде болды.
Бұзып ұрлау туралы хабардан кейін Ethereum бағасы жұма күні шамамен 4%-ға төмендеді, бірақ көп ұзамай бұрынғыға қайта оралды.
Компания сондай-ақ ұрланған қаражатты қайтаруға көмектесу үшін «киберқауіпсіздік пен криптоанализдегі ең жақсы ақыл-ой иелерін» шақырды және қайтарылған соманың 10% сыйақысы туралы жариялады. Сома толық қайтарылған жағдайда сыйақы мөлшері 140 млн доллар болады.