Кептеліс кедергі келтіреді. Қазір Алматы түгілі, Астананың өзінде бір жерден бір жерге жету мұң. Сағаттап сенделесің, күтумен-ақ кешің батады. Жұрт бұл мәселеден әбден мезі болды. Осыған байланысты әріптестерім шағын эксперимент түсірген екен. Бірі автобуспен, енді бірі көлікпен жолға шыққан. Жұмысқа кім бірінші жетті? Бірге көрейік.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Астанаға келгеніме, шамамен, 5-6 жыл болды. Жанымда тұрған әріптесім Сүндет те менімен қатар бас қалаға бет бұрған еді. Бірақ біз алғашында шаһарда дәл осындай кептеліс барын білмеген де едік.
СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:
- 9-дағы жұмысқа алтыдан бастап қамданамыз. Діттеген жеріңе көлігің болса да жету қиын.
- Қойшы, сен айтпай-ақ қойшы. Сенің көлің бар, ал мен ше? Мен таңертең ерте тұрамын, автобус күтемін. Ол деген біраз уақытты алады.
- Ендеше, қызық болсын. Дәл осы жерден жұмысқа дейін кім бірінші жетеді? Жарысып көрейік.
- Жақсы идея. Кеттік, ендеше!
- Кеттік!
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Осы жерден менің аялдамама дейін де біраз жол. Шамамен, жеті минут жаяу жүреміз.
СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:
Астанада көлік қоятын тұрақ тапшы. Кей жерлерде мүлдем орын жоқ. Сол үшін баратын жеріңнен алысқа қойып кетуге мәжбүрміз.
Қызық енді басталады. Біз тұрған бәйтеректен «Астана» телеарнасына жету үшін 7 шақырым жол жүру керек. Картадан қарасаң, көлік 25 минутта, ал автобус 40 минутта жетеді деп көрсетіп тұр.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Ентігіп автобусымызға міндік. Қоғамдық көлік бүгін басқа кезге қарағанда уақытында келді. Қазір төлеп алайын.
Өзімнің соңғы рет қашан автобусқа міндегінімді білмеймін. Адам көп, ығы-жығы... Әріптесім қалай шыдып отыр екен?!
СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:
Мына жерде тұрғанымызға 10 минуттан асты. Енді ғана бағдаршамның жасыл түсіне жүріп жатырмыз.
Астанада 1 145 шақырымнан тұратын 1 249 көше бар. Сүндеттің қай жолда кептеліп қалғаны өзіме де қызық болып тұр. Жеңілгенін мойындап, жүйкесі тозып отқан болар.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек кептелісті азайту үшін қоғамдық көлікпен халық көп жүруі керек деді. Осы мақсатта, соңғы екі жылда автобустардың 46 проценті жаңартылған.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Автобуспен қаншалықты жиі жүресіз? – Автобус жақсы жүргенге. Себебі өзінің жолы бар ғой автобустың.
- Автобуспен тез жетеміз.
Астанада көлік саны 8 процентке өскен. Қазір шаһарда 384 мың темір тұлпар бар. Бірақ бұл ресми мәлімет. Шеттен келіп жүргені қанша?! Осыдан кейін кептеліс болмай қайтсін?!
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Көлік кептелісі өте қиындап бара жатыр Астанада.
- Түркістан, Мәңгілік ел толып тұрады. Себебі, барлық бизнес орталықтарды сол жағалауға соққан.
Әріптесім Сүндет Оралбек бір көшеден екінші көшеге өте алмай жүргенде мен жетіп алдым.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Жұмысқа ең жақын аялдамадан түстік. Енді жұмысқа дейін тағы 5-6 минут жаяу жүреміз. Сүндет бармайынша тез-тез жетіп алайық. Жүгірдік, ендеше!
СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:
Болашақта ұшатын көліктер шығады. Яғни, сол арқылы діттеген жеріңізге 5-10 минутта жетуге мүмкіндік аласыз. Бірақ біздің көлік жүргізушілер аспанда жүріпте қолдан кептеліс жасауы мүмкін.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Міне, біз жұмысқа жеттік. Байқауымша, әлі әріптесім келмеген секілді. Қазір хабарласып көрейік.
- Алло, Сүндет, біз жеттік. Сендер қайдасыңдар?
- Болды, қазір 5 минутта боламын.
Астана көшелеріндегі кептеліс деңгейі 10 балдық меженің 9-на жеткен. Әсіресе, Мәңгілік ел, Тұран, Қабанбай даңғылдарында, Республика, Тәуелсіздік көшелерінде жүргізушілер сағаттап тұрады.
Астанада 1642 автобус бар. Оның 1272-і күн сайын тұрғындарды тасиды. Олар 105 бағыт бойынша қатынайды. Компания тағы 300 қоғамдық көлік қоспақ.
БЕКЗАТ БАЙТАСОВ, "CTS" ЖШС КӨЛІКТІК ҮЙЛЕСТІРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МЕНЕДЖЕРІ:
Біз 2024 жылы 10 бағдарды іске қостық. Оның бесеуі қалалық бағдар, бесеуі экспресс. Жылдың соңына дейін жаңа бағдарлар қосу жоспарланған.
Автобустың көбеюі – кептелісті азайтады. Қала әкімі сол арқылы шаһардағы көлік нөпірін азайтуды көздеп отыр.