Биыл қасиетті рамазан айы 1 наурыздан басталады. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы MuftyatBot деп аталатын Телеграм-ботты іске қосты. Жаңа Телеграм-бот арқылы жалпы діни сұрақтарға жауап алуға болады. Наурыздың 26-нан 27-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – Ораза айт мерекесі. Ал, пітір садақа 655 теңге болып бекітілді. Бұдан бөлек, Бас мүфти діни терминдерді қазақша айтуға шақырды. Қазір жұрттың арасында ауызашарды ифтар, сәресін сухур деп айту белең алған. "Өзге тілден енген діни терминдерден барынша арылуымыз керек" дейді Наурызбай қажы Тағанұлы. Сондай-ақ, кәсіпкерлерді азық-түлік бағасына жеңілдік жасауға шақырды.
НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ, ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ:
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қасиетті айда ұйымдастыратын қайырымдылық іс-шараларына үлес қосуға шақырамын. Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына жеңілдік жасауға үндеймін. Рамазан айына тура келген құдайы астарды ауызашар уақытында өткізіп, көбірек сауап алуға тырысайық.