Ақтөбені қалың қар басты. Қала іргесіндегі елдімекендерге қатынас үзілді. Үш күннен бері ақтүтек бораннан жұрт үйден шыға алмай отыр. Мыңға жуық көлік жолда қалды. Синоптиктер, алдағы күндері қар әлі жауады дейді. Ал еліміздің оңтүстігінде бәйшешек гүлдеді. Өңірдегі тілшілеріміз аймақтардағы жағдайды баяндайды.
БАҚЫТ ҚАЗАНҒАПҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Өңірде қатты боран болып, ауа райы күрт өзгерді. Аймақта бірнеше республикалық, облыстық маңызы бар тас жолдар жабылды. Облыс аумағында 31 авариялық -құтқару жұмыстары жүргізілді. 28 адам құтқарылып, 63 адам эвакуацияланды. 14 жүк көлігі мен 21 жеңіл көлік қар құрсауынан шығарылды.
Байғанин, Темір, Хромтау, Қарғалы ауданында үш малшы және екі балықшы құтқарылды. Алты ауданда 12 жылыту пунктері жұмыс істеп тұр.
АСЛАН АРЗЫМБЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ТЖБ БАСТЫҒЫ:
Ойыл ауданы Көсембай ауылында толғағы келген әйел адамның тасымалуыи жүргізілді. Оны жолда Сарыалжын ауылында босандырып, баласымен бірге Айыл ауылына тасымалданды.
Толассыз жауған қардың кесірінен қала маңындағы ауылдарға қатынас нашарлады. Маржанбұлақ ауылында үш күннен бері қар аршылмаған.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Үш-төрт күн боран , үлкен адамдар бар. Мектепке баратын балдар бар. Бәрі шыға алмай отыр осы жерден. Қардың мөлшері биыл көп.
- Үш күннен бері үйден шыға алмай жатырмыз. Бүгін жұмыс күні жұмысқа шыға алмай тұрмын. Газель үйде тұр. Мына қардан қалай шығамын. Қайдан шығасың, адам кіре алмайды үй жаққа.
Жауған қардың көлемі күтілгеннен үш есе көп. Коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр.
ӘДІЛБЕК АХМЕТ, ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Бірінші кезекте орталық көшелер. Маршруттар, аурухана, мектепке баратын жолдар ең алдымен тазартылатын болады. Содан кейінгі кезекте басқа көшелерге түсетін болады.
БАҚЫТ ҚАЗАНҒАПҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Қазгидрометтің мәліметінше , өңірде циклондық ауа райы әлі де сақталады. Солтүстік аудандарда тағы қар жауады деп күтілуде. Наурыз айына дейін ауа температурасы құбылмалы болады. Ал еліміздің оңтүстігінде бәйшешек гүлдеп жатқан секілді. Айзада, көктем келіп қойды ма сіздер жаққа?
АЙЗАДА ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ ТІЛШІ:
Иә, Бақыт, Шымкентке расымен көктем келгендей. Ақпан айының соңғы күндерінде ауа темпертурасы біршама жоғарылады. Кешегі демалыс күндері қалада +19 болды.
Көктемнің жаршысындай бәйшешектер ақпан айының басынан қылтиып шыққан болатын. Қазір саябақтарда да гүл ашқан. Дала гүлдері де көктемнің келгенін сездіріп, самал желмен тербеліп тұр. Күн жылынғалы әсіресе саябақтарда серуендеушілер қатары артқан.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Құрбым екеуміз бүгін паркте жүріп шықтық. Міне 10 мың қадам жасадық. Өте күшті ауа райы болып тұр. Кеше тым жаз болғандай бәріміз шешініп тастап жүрдік. Бірақ бүгін енді кішкене пальтомен жүріп жатырмыз. Жалпы маған ауа райы өте қатты ұнайды. Біздің өзі Шымкентіміздің ауа райы ғой , қатты қыс ұзақ болмайтыны.
- Шымкентте қарасақ очень хорошая погода. Алматыға қарасақ или басқа региондарда негізі қазір өте салқын. Мысалы, ата-енем қазір Атырауда. Ол жақта вообще қазір қатты қар, салқын, такой мороз, далаға шыға алмады адамдар, боран.
Мегаполисте қазір ағаштар да бүр жара бастады. Қазгидромет мамандары қатты суықтың артта қалғанын айтады. Десе де, бүгін күн ала бұлтты. Ауа температурасы 10-12 градус жылылықты көрсетіп тұр.
АЙЗАДА ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Қазгидромет мамандарының болжамынша, сәрсенбі күні облыстың басым бөлігінде күн жауын-шашынды болады. Қар жауып, тұман түседі. Ал Шымкентте көктайғақ болуы мүмкін. Дегенмен, әрі қарай ауа температурасы көтеріліп, күн жылынады.