$502.89 €527.03 ₽5.71
×

Улы әтір: шындық па, аңыз ба?

24.02.2025ж. 20:00
91
Улы әтір: шындық па, аңыз ба?

"Абайлаңыз, бәзбіреулер у қосылған иіссу сатып жүр! Әтірдің иісі мұрныңызға барса, есіңізден адастырады. Тіпті, о дүниеге аттандыруы ғажап емес". Соңғы уақыттары дәл осындай хабарламалар желіде жаппай тарап жатыр. Улы әтір шындық па, аңыз ба? Тілші тарқатады.

МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Бұл - парацетамол дәрісі. Оны ішкен адам алты күннен кейін ажал құшады. Себебі құрамында өте қауіпті вирус бар.  Балалар сүйіп жейтін кәмпитке де әуес болмаңыз. Оның ішіне есірткі қосылған. Ал мынау күнделікті қолданатын кәдімгі иіссу. Бірақ мұнда да бір гәп бар. Оны иіскесеңіз, өміріңізбен қош айтысуыңыз бек мүмкін.

Ғаламторды ашып қалсаң, осындай хабарламалардан көз сүрінеді. Тіпті, өмір сүруге қорқып қаласың. Екінші жыл қатарынан тарап жатқан улы иіссу туралы ақпарат жұртты дүрліктірді.

Желіде желдей ескен күмәнді жаңалыққа халық сенер-сенбесін білмейді.

ТАҢШОЛПАН ҚОШҚОНБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Есіктерді ашпаңдар, солай екі жігіт сумкамен духи сатып жүр деді. Иіскетсе, иіскемеңдер деді. Сондай голосовой келген ватсапқа туыстардың, одноклассницалардың рассылка жасап. Қатты сенген жоқпын. Үйде постоянно ата-енем болғасын, қорқыныш жоқ. Есікті бөтен адамдарға ашпаймыз.

Ішкі істер министрлігі бұған қатысты факті тіркелмегенін айтады. Ал Stopfake ақпараттық сайты «улы әтір - жалған ақпарат» екенін жариялады. Сөйтсе, мұндай хабарламалар бұған дейін Ресей мен Беларусь мемлекеттерінде тараған екен. Бірақ ақпарат расталған жоқ. Жыл басынан бері елімізде масс-медиа мен интернет- порталдарда жалған ақпарат таратуға қатысты 8 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. 39.320 теңге көлемінде айыппұл салынды.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Осындай бір ақша таратылып жатыр деген в основном келеді. Но мен ондайларға қарамаймын, сразу өшіріп тастаймын. Потому что қазір сену қиын.
- Сіздің счетыңызда осынша ақша бар деп келген. Бірақ ашпадым. Айына бір-екі мәрте келеді.

Иә, техника жетістігінің арқасында айшылық алыс жерлерден жылдам хабар аламыз. Бірақ ақпарат ағыны ерекше қарқын алған заманда аса сақ болған жөн. Фейк хабарламалардың бір белгісі – оның эмоцияға толы болуы. Осы арқылы бұзақылар манипуляция жасауға тырысады. Қылмыс құрамының басты шарттарының бірі – таралған ақпараттың қоғамға, азаматтарға елеулі зиян келтіруі.

ЖАНДОС ТҰЯҚОВ, АДВОКАТ:

Заң сөзбе-сөз талқыланады деп заңда көрсетілген. Жалған ақпарат таратудың негізінде қоғамға немесе жекелеген тұлғаларға, елеулі түрде зиян келтіру дейді. Екінші мәселе, жалған ақпараттың қоғамда тұрақсыздық, немесе қандай да бір толқулар, жалпы мемлекетке де оның себептері тиюуі мүмкін.

 Жалған сөз жарға жығады. Жұрттың есін алып, түрлі дақпырт тарату – адам баласына абырой әкелмейтіні анық. Қазақстанда жалған ақпарат таратқандарға айыппұл төлеуден бастап, 7 жылға бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген. Сондықтан ойнаймын деп от басуыңыз әбден мүмкін.