$502.89 €527.03 ₽5.71
×

Павлодарлық ғалымдар дәрілік өсімдіктің генетикалық құпияларын ашты

AstanaTV
25.02.2025ж. 11:06
93
Павлодарлық ғалымдар дәрілік өсімдіктің генетикалық құпияларын ашты
Фото: pixabay

Марғұлан университетінің ғалымдары тимьян (чабрец) өсімдігіне қатысты зерттеулер жүргізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ғылыми жұмысты Марғұлан университетінің «Биоценология және экологиялық зерттеулер ғылыми орталығының» директоры, профессор Бибігүл Жұмабекова бастаған ғалымдар тобы жүргізді. Олар Баянауыл ұлттық паркінің табиғи жағдайында өсетін тимьянның екі түріне жататын 26 популяциясын зерттеп, бұған дейін белгісіз болып келген генетикалық қыр-сырын ашты. Қазақстанда бұл өсімдікті мұндай ауқымда зерттеу алғаш рет жүргізіліп отыр.

– Біз кейбір тимьян популяцияларының генетикалық ұқсастығын, ал басқаларының елеулі айырмашылықтарын анықтадық, – дейді профессор Бибігүл Жұмабекова. – Бұл өсімдік әртүрлі жерде, жол бойында, егістік алқаптарында немесе таза табиғи аймақтарда өсе береді.

Зерттеушілердің сөзінше, тимьян – тек ас үйде қолданылатын хош иісті шөп емес, емдік қасиеті жоғары өсімдіктердің бірі. Ғалымдар ДНҚ талдауында молекулалық маркерлерді пайдалана отырып, тимьянның экожүйедегі өзгерістерге қалай жауап беретінін зерттеді. Мұндай зерттеулер өсімдіктің әлсіз популяцияларын анықтап, олардың жойылып кетуінің алдын алады. Тимьянның генетикасын зерттеу оны қорғау үшін ғана емес, климаттық өзгерістерге төзімді жаңа сорттарды шығаруға да мүмкіндік береді.

– Зерттеу нәтижелері тимьянның антропогендік факторларға қалай бейімделетінін дұрыс түсінуге мүмкіндік береді, – дейді Биоценология және экологиялық зерттеулер орталығының ғалымдары. – Біз осы жаңалықтың арқасында биоалуантүрлілікті сақтауға және экожүйелерді қорғауға арналған маңызды құралдарға қол жеткіздік.

Марғұлан университетінің ғалымдары зерттеу аясын кеңейтіп, генетиканы спектралды талдаумен байланыстыруды, сондай-ақ экологиялық факторлардың әсерін зерттеуді жоспарлап отыр. Жұмыс ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүргізілуде. Оның нәтижелері экологтарға беріліп, табиғи ресурстарды қорғау туралы жаңа заңдардың негізгі өзегі бола алады.

Тимьянды зерттеу және оны шай саңырауқұлағы негізіндегі сусын құрамына қосу – коммерцияландырудың негізгі бағыты. Бұл өсімдіктің бірегей емдік және дәмдік қасиеттері тамақ өнеркәсібінде жоғары функционалды өнім жасауға болатынын аңғартады.