Атырау маңындағы округте тұратын әйел 5 баласын кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, ал 3 баласы "Сәбилер үйіне" уақытша орналастыруға мәжбүр болған. Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі Атырау өңірлік уәкілі Айжан Сәрсембаева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Айжан Сәрсембаеваның сөзінше, 8 баласы бар отбасы тұратын үйдің жағдайы өте нашар. Көпбалалы ананың мүгедектігі бар.
"2020 жылы "Харекет" қайырымдылық қоры арқылы бұл отбасыға үй берілген екен. Бірақ үйдің жағдайы өте нашар, төбесінен су кетіп, жылу да болмаған. Салдарынан Атырау қаласының әкімдігі жанындағы "Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия" шешімімен 5 баласы Атырау облысы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, тағы 3 баласы "Сәбилер үйіне" уақытша орналастырылған болатын", - деді Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл.
Қазіргі кезде жылу жүйесі қалпына келтіріліп, үй іші де реттелген.