Павлодарда химия-механикалық колледжде зертханалық орталық ашылды. Кабинетті жабдықтауға «KAZ MINERALS» тобы қаржылай қолдау көрсеткен. Соның арқасында жас химиктер заманауи құрал жабдықтардың сырын меңгеріп, дайын маман ретінде жұмысқа орналаса алады.
Колледж түлектері бұған дейін зауытқа жұмысқа орналасуда бірқатар қиындық көретін. Өйткені, оқу орнында ескі жабдықтармен оқыған химиктер жаңа заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істей алмайды. Сол себепті қайтадан оқуға мәжбүр болды. «KAZ MINERALS» тобы Павлодар химия-механикалық колледжіне құны 53 млн. теңге тұратын су жаңа зертханалық орталықты тарту етті.
ДЖЕЙМИ КАРАТТИ, «KAZ MINERALS BOZSHAKOL» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:
Колледж түлектері оқу бітірген соң, заманауи жабдықтардың тілін білмей қиналады. Өйткені, бұл құрылғылармен жұмыс істемегендіктен, тәжірибе болмады. Біз үшін студенттердің өндірісте қолданылатын заманға сай құрал жабдықтардың жұмысын уақытылы білгені маңызды.
Оқу орнында 365 студент білім алады. Оның 81-і - болашақ зертханашы. Осы жастар жаңа технологияның тілін үйренеді.
ӘЛІШЕР ӨМІРЗАҚОВ, ПАВЛОДАР ХИМИЯ-МЕХАНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ:
Жаңа құрылғылар біз үшін үлкен мүмкіндік. Осының арқасында біз заман талабына сай сұранысқа ие мамандарды даярлап шығаратын боламыз.
«KAZ MINERALS» тобы демеушілік көмектен бөлек студенттерге оқу гранттарын бөледі. Сондай-ақ, өз кәсіпорындарында жалақы төлеу арқылы жас мамандарды іс тәжірибеден өткізуге де мүмкіндік бар.
ИРАН БЕКТЕМІРОВ, ПАВЛОДАР ХИМИЯ-МЕХАНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ БАСШЫСЫ:
Бізге «KAZ MINERALS» тобы үнемі көмектесіп келеді. Зертханалық құрал жабдықтардан бөлек, студенттерімізге 5 оқу грантын берді. Қазіргі уақытта BOZSHAKOL кен орнында біздің 5 студент тәжірибеден өтуде. Алдағы уақытта осы кәсіпорынға жұмысқа орналасатын болады.
Заманауи зертханалық орталық студенттердің көңілінен шықты. Бұл тәлімгерлердің көптен бергі ойлап жүрген түрлі зертханалық жұмыстарын жасауға мүмкіндік берді.
ДИАНА МАУЛЫШӘРІП, ПАВЛОДАР ХИМИЯ-МЕХАНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ:
Яғни, мен бүгін конодемтр құрылғысында жұмыс істедім. Осы құрылғы арқылы электр өткізгіштікті анықтадым. Яғни, бұл конодемтр құрылғысы арқылы болашақ зауыт зертханаларында бізге алып келген реактивтер концентратциясын және электр өткізгіштіктерін анықтай аламыз. Осы колледж арқылы біз өзімізге өте көп жол ашамыз. Себебі, осы колледж практика кезінде әр түрлі зауыттарға зертханаға жібереді.
«KAZ MINERALS BOZSHAKOL» тобы соңғы 1 жарым жыл ішінде өңірдегі оқу орындарының құрал-жабдықтарын жаңалауға 1,5 млн. доллар жұмсаған.